Мереке күндері елордадағы сауда, ойын-сауық орталықтарында мәдени-бұқаралық шаралар өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күніне орай елорданың сауда, ойын-сауық орталықтарында ауқымды мәдени-бұқаралық шаралар өтеді, деп хабарлады бүгін Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

7 наурызда «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында сағат 14:00-де Қазақ Ұлттық өнер университеті жанындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп оқушыларының музыкалық концерті өтеді. 7-8 наурызда сағат 10:00-22:00 «MEGA Astana» СОО қолдан жасалған бұйымдар көрмесі ұйымдастырылады.

«Astana mall» СОО-да «MamaEXPO» жәрмеңкесі аясында балалар тегін шеберлік сыныптарға қатыса алады, аниматорлар келушілердің көңілін көтеріп, лотерея ойыны ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қызғалдақтар таратылады. 8 наурызда сағат 12.00-ден 14:00-ге дейін «Керуен» СОО-ның 3-қабатында печенье пісіру бойынша шеберлік сыныбы өтеді.

Сонымен қатар, «Аружан» СОО сағат 13:00-ден 17.00-ге дейін көпшілік назарына концерттік шоу-бағдарлама ұсынылады. Ұлттық және заманауи би билеу, балаларға арналған шоу бағдарлама, сыйлықтар мен «Star Play» паркінің сертификаттарының ұтысы өткізіледі. Сағат 13.00-де «Сарыарқа» СОО-да Relax студиясының концерттік бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. «MEGA Astana» СОО сағат 15:00-ден 16:00-ға дейін кем дегенде 5000 теңгеге сауда жасаған ханымдар жеңіліссіз лотерея ұтысына қатыса алады.