Мереке күндері павлодарлықтардың тыныштығын 656 полиция қызметкері күзетеді

None
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Облыстық ІІД мәліметінше, мерекелік апта мен демалыс күндері Павлодар облысында құқық қорғау органдарының жұмысы күшейтілмек.

23 - 28 желтоқсан аралығында өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шаралары өтуде, деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Алдағы 10 күн бойы Павлодар облысында 239 мерекелік іс-шара өтетіні ескертіліп, көшедегі тәртіпке жауап беретін полицияның жеке құрамы түгелдей дерлік күшейтіледі. Мәселен, 2014 жылдың бірінші аптасында қалалықтарды 656 полицей күзететін болады.

Тағы 900-ге жуық полиция қызметкерлері өз жұмыс орындарында болса, 120 адам жаппай халық серуені өтетін орындар, атап айтсақ, Орталық жағажай, Естай атындағы мәдениет сарайын күзетуге тартылады. Мереке күндері соттар мен прокурорлар да жұмыс істейді.

Сонымен қатар жедел басқару орталығының 64 бейнебақылау камерасы пайдаланылады.