Мерекедегі демалыс күнін басқа жұмыс күніне ауыстыру тәртібі өзгере ме
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мәжіліс депутаттарының мерекелік демалыс күндерін басқа жұмыс күніне ауыстыру тәртібін өзгертуге қатысты сауалына жауап берді.
— Мереке күндері жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында демалыс күндері басқа жұмыс күндеріне ауыстырылуы мүмкін. Демалыс күндерін ауыстыру еңбекті ұйымдастыруды, отбасылық демалысты, мәдени-бұқаралық және корпоративтік іс-шараларды, сондай-ақ солармен байланысты шығындарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Демалыс күндерін ауыстыру алдағы күнтізбелік жылға алдын ала жүзеге асырылады және жұмыс және мереке күндерінің сәйкес келуін ескере отырып, сондай-ақ елдегі экономикалық, саяси немесе санитарлықэпидемиологиялық жағдайларға байланысты әр уақытта жеке анықталады. Осыған байланысты демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстырудың қолданыстағы тәртібі оңтайлы деп санаймыз, — деді министр жауабында.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары Үкімет пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне демалыс күндерін ауыстыру туралы шешімді кемінде алдағы 2 күнтізбелік жылға алдын ала қабылдауды ұсынған еді. Мысалы, 2025 жылы 2025 жылғы 1 қаңтар мен 2027 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезең бойынша демалыс күндерін ауыстыру жөнінде шешім қабылдау қажет.
Айта кетелік 1 маусым мемлекеттік мереке ретінде белгіленуі мүмкін екенін жазған едік.