Мерекелік демалыста туристер саны 2 млрд 360 млн-ға жетеді — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Өзбекстанда той мен салтанатты шаралар қатаң бақылауға алынады — ӨзА
Өзбекстан Республикасы Министрлер кбинетінің 2024 жылғы 16 қыркүйектегі 589-санды қаулысына сәйкес, «Тәртіпті тұтыну» (Save Food) бағдарламасы аясында тойлар, салтанатты рәсімдер мен отбасылық шаралар белгіленген тәртіп негізінде бақылауға алынады.
Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Хабарламада айтылуынша, 2026–2030 жылдар «Азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті кезеңі» деп жарияланды. Бұл кезеңде артық ысыраптың алдын алу, халықты жеткілікті әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылмақ.
Қаулыға сәйкес, той және салтанатты шаралар 2019 жылы бекітілген ереже негізінде өтеді. Атап айтқанда, отбасылық жиындарға — 200 адамға дейін.
Ал, ас (қонақасы) рәсімдеріне — 250 адамға дейін қонақ қатыса алатын, болса қосарланған тойлар мен асарға — 250–300 адамға дейін.
Сонымен қатар, ұлттық дәстүрлерге сай келмейтін, артық уақыт пен шығынды талап ететін әдет-ғұрыптар мен шоу түріндегі шараларға тыйым салынбақ.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Ташкентте Қазақстан елшілігінің қолдауымен дөңгелек үстел өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Келтірілген ақпараттарға сүйенсек, 26 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшілігінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауына арналған «дөңгелек үстел» өтті.
Іс-шараға Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Сенат және Заң шығару палатасының мүшелері, жетекші сарапшылар мен талдаушылар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан.
Кездесу барысында Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов сөз сөйлеп, Жолдауда көтерілген негізгі бастамаларға тоқталды. Елші цифрландырудың стратегиялық маңызын, Жасанды интеллект министрлігінің құрылуын, цифрлық теңге мен суперкомпьютерлерді енгізу мәселелерін атап өтіп, бұл үдерістердің аймақтық даму мен екі ел ынтымақтастығына жаңа серпін беретінін жеткізді.
Сонымен қатар инвестициялық саясат, өнеркәсіптік кооперация, энергетика мен көлік инфрақұрылымы салаларындағы перспективалар айрықша аталды.
Қазақстанның Қытайдағы елшісі Сицзанға сапармен барды — «Халық газеті»
Жақында Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті ешісі Шахрат Нұрышев Сицзан автономиялық регионына жасаған бес күндік сапарын аяқтады. Тілшілерге берген сұхбатында ол Сицзанның модернизация, қоршаған ортаны қорғау және мәдени мұра салаларында керемет жетістіктерге жеткенін айтты. Ол туристік ынтымақтастықты негіз ете отырып, Қазақстан мен Сицзан арасында көптеген саладағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды, деп жазады қытайлық «Халық газеті».
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Шахрат Нұрышев Лхаса, Нинчи және басқа жерлердің заманауи келбеті терең әсер сыйлағанын айтқан.
Елшінің айтуынша, Лхасаның әр бұрышынан жаңадан жөнделген жолдарды, жаңа мектептер мен кешенді ғимараттарды көруге болады.
Экологияны қорғау саласында Нұрышев Яни ұлттық сулы-батпақты саябағына, шөлейттенудің алдын алу және бақылау шараларына назар аударған.
Сонымен қатар Нұрышевтың пікірінше, Сицзанның дәстүрлі мәдениетті қорғау бүкіл әлемде өте маңызды мәселе. Ол Қытайдың мәдени мұраны қорғау жөніндегі күш-жігері Қазақстанның өз мәдениетін бағалау тұжырымдамасымен сәйкес келетінін тілге тиек еткен.
Иран мен Еуразияның жақындасуы; Аймақтық және жаһандық экономиканың жаңа жолы — ParsToday
Беларусь астанасы Минскіде «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін нығайту мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше және бақылаушы мемлекеттердің, оның ішінде Иранның, премьер-министрлері мен үкімет басшылары деңгейінде Еуразиялық экономикалық одақтың Үкіметаралық кеңесінің отырысы өтті, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.
Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Үкіметаралық кеңесінің отырысы сейсенбіде Беларусь астанасы Минскіде өтті және Иран аумағы арқылы өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бағытын қоса алғанда, транзитті күшейту туралы қарарлар қабылданды.
Иранның Өнеркәсіп, кен және сауда министрі Сейед Мұхаммад Атабак отырыста Иранның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен сауда қарым-қатынастары жоғары қарқынмен артып келе жатқанын тілге тиек еткен.
Ресей премьер-министрінің орынбасары Алексей Орчук та Иран Ислам Республикасы және Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда келісімі Теһран мен Мәскеу арасындағы сауда айналымын дереу 35 пайызға артқанын айтқан.
«Сауда келісімінен тыс Иранның Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастығын кеңейту Иранның аймақтық және жаһандық экономикадағы орнын қайта анықтауға бағытталған стратегиялық қадам болып табылады», деп түйіндейді ирандық басылым.
«5G» технологиясы Түркия экономикасына 100 миллиард доллар көлемінде пайда әкелуі мүмкін — TRT
Түркия Көлік және инфрақұрылым вице-министрі жұма күні жоспарланған «5G» тендері мен одан кейін басталатын толық қамту кезеңінің 2030 жылға дейін Түркия экономикасына 100 миллиард доллар көлемінде үлес қосып, 1,5 миллион жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтінін айтты.
Вице-министрдің айтуынша, бұл қадам тек технологиялық ілгерілеу емес, Ұлттық технологиялық серпілістің және «Түркия ғасырының» ең маңызды қолдаушыларының бірі.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметінше, бұл жобаның басты мақсаты — жоғары жылдамдықты байланыс арқылы экономикалық өркендеу, қауіпсіздікті арттыру, сапалы медицина және білім беру мүмкіндіктерін пайдалану.
Түркия келесі жылдың сәуір айынан бастап «5G» технологиясын толығымен енгізуді және көптеген секторда трансформациялық өзгерістерді бастауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Түркияның мобильді байланысы 1991 жылы «1G»-ден басталып, 1994 жылы «2G», 2009 жылы «3G», 2016 жылы «4.5G»-мен жалғасты. Ал «5G»-ге дайындық 2019 жылы басталып, қазір соңғы кезеңге жетті.
«5G» желісін таратуға арналған ең төменгі жиілік көлемі биыл тамыз айында ресми түрде жарияланды. Барлығы 11 жиілік пакеті үшін ең төменгі жиілік көлемі 2,1 миллиард АҚШ доллары болды.
8 күндік демалыста туристер саны 2 млрд 360 млн-ға жетеді — СNR
28 қыркүйек күні Мемлекеттік кеңестің ақпарат кеңсесі баспасөз мәслихатын ашты. Көлік министрлігінің ресми өкілі қыркүйектің 29-ы Қытайда тойланатын Чжунцю (егін жинау айы мерекесі) мерекесі мен мемлекет мерекесі демалысында көлік-тасымал қызметін өтеуді қамтамасыз етуге қатысты жағдайларды таныстырды, деп хабарлайды қытайлық Орталық халық радиосы ақпараттық порталы.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, биыл Чжунцю мерекесі мен Мемлекет мерекесіне жалпы 8 күн демалыс беріледі. Сол демалыс уақытына орай саяхаттайтындар негізінен басқа аймақтарға баратын туристер және ауылына қайтып туысшылайтындар.
Айта кетерлігі бұл жолғы қос мерекеде тұтас қоғамда өңір аттап сапарлайтын адам саны 2 миллиярд 360 миллион адамға жетіп, күніне орта есеппен 295 миллион адам жолаушылап, өткен жылғы сәйкес мезгілдегі күніне орта есеппен сапарлаған 286 миллион жолаушыға қарағанда 3,2 пайыз артады деп жоспарланып отыр.