Мерекелік тарту: Қосшы қаласында 20 отбасы баспаналы болды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Астана күніне байланысты Қосшыда 20 отбасына пәтер кілті табыс етілді.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ақмола облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде халықты баспанамен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Облыс орталығы мен Зеренді ауданындағы отбасылар жайлы үйлерден пәтерлі болды. Қосшы қаласында халықтың әлеуметтік топтарынан шыққан 20 отбасы – ҰОС ардагеріне, көп балалы аналар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға «Dream Park» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтердің кілті табыс етілді.

Қуаныш иелерін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

«Бүгінгі іс-шара Мемлекет басшысының қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған саясатының айқын көрсеткіші және нақты жүзеге асырылуының көрнісі. Өз шаңырғағыңда өмір сүру - әр отбасы үшін үлкен мереке. Өңірде жаңа тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алуда. Тек соңғы жылдары облыста тұрғын үй құрылысына 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 2 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде, шамамен 12 мың ақмолалық отбасы баспана мәселесін шеше алды», - деді облыс әкімі.

Пәтер алғандардың қатарында Қосшы қаласының жас тұрғындары Максим Муштаенко пен Владимир Глазков бар.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

«Мен өз немерелерімнің қамқоршысымын. Біз бүгінгі қуанышты ұзақ күттік. Мемлекет басшысына азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасап, баспана мәселесін шешіп, қамқорлық танытып жатқанына алғысымды білдіремін»- дейді Максимнің атасы Леонид Муштаенко.

Айта кетсек, Қосшы қала мәртебесін алғаннан бері 267 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2384 отбасы баспанамен қамтылды.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін Қосшы қаласынан тағы 100-ге жуық пәтерді азаматтарға сатып алу жоспарлануда. Бұл шара көп балалы отбасылардың, жетімдердің, мүгедектердің және басқа да әлеуметтік маңызы бар санаттағы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермекші.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Еске салайық, су тасқынынан зардап шеккен Макинск қаласының тұрғындары баспаналы болды.