Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Отбасы - бұл өз халқына, оның мәдениеті мен тұрмысына деген махаббаттың сарқылмас көзі. Бұл отаншылдық және ата-аналардың, балалар мен немерелердің бақыты арқылы отанымыздың гүлденуіне мәңгілік қамқорлық» деген сөздерін айтып өтті.
Байқау жеңімпаздарын анықтау барысында отбасы мүшелерінің жетістіктері мен олардың маңыздылығы, үлкендерге деген құрмет пен сүйіспеншілікке негізделген рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру басты ұстаным болды.
Конкурс үш кезең - аудандық, өңірлік және ұлттық кезең бойынша өтеді.
Гүлшара Әбдіқалықова конкурсқа қатысушылардың саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Биыл оған 3 204 отбасы қатысқан, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.
Осы жылдар ішінде Конкурсқа 15 197 отбасы, оның ішінде 9 407 отбасы (62%) ауылдан қатысты. Конкурстың барлық қатысушыларының 36,3% - көпбалалы отбасылар, 18% - жас отбасылар, 17% - бір мамандық еңбеккерлері әулеттерінің өкілдері.
Биылғы мамыр айында барлық облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда аймақтық кезең жеңімпаздарын марапаттауға арналған іс-шаралар мен салтанатты рәсімдер өткізілді, сондай-ақ әр өңірден ақырғы кезеңге қатысатын 2 отбасы белгілі болды.
Комиссия мүшелері Конкурстың ұлттық кезеңіне қатысатын 17 үміткерді анықтады.
Қазақстандықтар «Мерейлі отбасы» конкурсының ақырғы кезеңінде жеңімпазды анықтауға kaztube.kz сайты және SМS-хабарламалармен дауыс беру арқылы қатыса алады.
Дауыс беру қорытындысы қыркүйектің екінші жексенбісінде мерекеленетін Отбасы күні қарсаңында шығарылады.