Әр күні ағарып атқан таң сәулесі бірінші болып, осы Сұлубай шоқысының маңдайын сүйетін. Күн көтеріле келе мөлдір Шіңгіл өзеніне шуағын төгіп, біздің үйге қарай жылжитын. Кеште күн осы биік таудың арқасына қарай аунап барып бататын. Күн еңкейген сайын көз алдымда бұл асқар тау онан ары биіктеп батырдың тұлғасындай қасқайып асқақтай беретін. Мен әр күні осы сұлу көрністің куәсі болып өстім. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, осы алып тауға қарап биік мұрат асқақ арман арқалайтынмын. Мөлдір өзен, ну орманға қарап елжіреген табиғат ананың мейрімін сезінетінмін. Қаншама қарлы борандарда осы еңселі таулар біздің ауылға қорған болып жел өтінде әлі күнге қасқайып тұр. Сылдырап аққан мөп-мөлдір Шіңгіл өзені де туған ауылымның төсінде жағасын жасыл кілемге бөлеп, ананың мейріміндей жер бетіне нәр беріп ағып жатыр.
Мен әкемді сол Сұлубай шоқысына ұқсатсам, анамды баурайындағы осы мөп-мөлдір Шіңгіл өзеніне ұқсатамын. Ата-бабаларымыз «әке - асқар тау, ана - мөлдір бұлақ» деп осындайда айтса керек. Әкеміз жүрегімізде ерекше асқар, мәңгі биік тұлға болып қалыптасты. Ал, анамыз мейірімі мәңгі сарқылмайтын мөлдір әлем. Мен әкенің қормалдығын сезініп, анамның мейріміне шомылып, аға-бауырдың, әпке-қарындастың бауырмалдығын көріп өстім. Жалпы туыстық сүйіспеншіліктің адамға сыйлайтын ләззатін сөзбен айтып жеткізу қиын. Отбасымыздың қорғаны әкеміз Нүсіпбек Бегасылұлы - рухы биік еңселі кісі. Атамыз Бегасыл әкемнің бала кезінде өмірден озып, бар ауыртпалық үйдің үлкені болған әкемнің мойнына түсіпті. Өмір солай ерте есейткен әкеміз, соңынан ерген іні-қарындастарына бас болып, оқытып, үйлендіріп бір-бір үлкен шаңыраққа айналдырған. Әкем ауылда ұзақ уақыт әр түрлі әкімшілік салада жұмыс жасады. Өз ортасында беделі биік, айтқан сөзі өтімді, ісі тындырымды, іскер де білімді адам ретінде ел ықыласына бөленген адам. Әкем - жүрген жерін әңгімеге ұйытып, күлкіге бөлеп жүретін ашық-жарқын шешен кісі. Ел аузында «Нүсіпбек айтыпты», деген тапқыр жауаптармен ұтқыр әзілдер жетерлік. Бірде әкем жұмыс байланысымен жайлауға барып келе жатыпты. Жол-жөнекей кезігіп қалған танысы, «жайлаудағы ел-жұрттың жағдайы қалай екен», деп сұрап жатса керек сонда әкем: «ол жақтағы ел-жұрт аман-есен екен, үш бұзаулы сиыры барлар казеин тартып, (сепараторды біздің ауылда казейн деп атайды), бір бұзаулы сиыры барлар сазайын тартып отыр екен», деп қысқа да нұсқа жауап беріпті. Әкем кітапқұмар кісі болатын. Қолы қалт етсе болды газет- журналдар ақтарып, том-том кітаптармен сырласып отыратын. Соның ішінде Абайдың дүниетанымын қатты ұстанды. Бала тәрбиесінде және кез келген өмір қағидаларында Абайға жүгінетін. «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең - оқыт, мал аяма!», «балаң мықты болсын десең шетке айда», деген секілді Абай ақылияларын әкемнің аузынан күні бүгінге дейін мың рет естіген болармыз. Әкем де солай істеді. Біз бір үйде 6 баламыз, бәрімізді оқытуға тырысты, алысқа жіберді ел көрсетті. Әкем әрі қатал, әрі мейірімді жан. Көп жағдайда балаларын еркін ұстайды, кез келген істе өз ойымызбен істеуге, өзіміздің шешім шығаруымызға үндейтін. Ойлап отырсам осы ерекшелігі менің жеке өмірімнің қалыптасуына, ерте-пісіп жетілуіме көп әсер етті. Әулетімізде әкеміздің орны ерекше биік. «Әкелерің келе жатыр», дегенде біздің үйде көлделең нәрсе жатпайды. Әкем сырттан келе жатқанда, дыбыстап, келгенін білдіріп кіретін әдеті бар. Әкемізді патшадай көріп, отбасындағы орнын биіктетіп, құрметін арттырып отыратын ол әрине анамыз. Менің анам Зәбила Қибатқызы - мен үшін әлемдегі ең мейрімді жан. Әулетіміздің ұйтқысы, жылуы, берекесі осы кісі. Алтын құрсақты анамыз барлығымздың жағдайымызды жасап, үлкен әулеттің отымен кіріп, суымен шықты. Үйелмелі-сүйелмелі көп баланы қабырғасы қайыса жүріп бақты. Сәби санамызға әдемі әлдиімен, мағыналы ертегілерімен өмірдің мәнін сіңірді, жақсы-жаманын ұғындырды. Маңдайымыздан сипаған жұмсақ алақаны, жүрегімізге мейірім сыйлады. Бүкіл әлемді, адамдарды сүюге, мейірімді болуға шақырды. Анам: «өзі жақсы кісіге мың кісілік орын бар, біреуге жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да алдыңнан шығады», деген сөзді үнемі айтып отыратын. Жалпы бала тәрбиесінде ананың рөлі өте жоғары ғой. «Адамның 5 жасқа дейінгі алған тәрбиесі бүкіл өміріндегі тәрбиенің 95 пайызын құрайды», дегенді оқығаным бар еді. Ендеше барлығымыздың адам ретінде қалыптасуымызда анамыздың еңбегі өлшеусіз екені шындық. Менің екі ағам, бір әпкем, екі қарындасым бар. Кішкентай кезімізде үлкені кішісін бағып, біз-бірімізді жетелеп өстік. Ата-анамыздың санамызға сіңірген тәрбиесінен, жүрегімізге берген мейірімінің сәулесі шығар. Әкем жұмыста аға-әпкелерім алыста жоғары мектепте оқитын. Мен көбінде үйде анаммен екі қарындасыммен қалатынмын. Қарындастарыма сабақ үйрететінмін. Оларға қатал талап қоятын едім. Кейін менде алысқа оқуға кеттім. Сонда да оларға үзбей хат жазып, білген ақылымды айтып сабақтарын қузап тұратынмын. Осылай бәріміз есейдік, өмір ағыны жетелеп әр түрлі армандар арқаладық. Аға- әпке қарындастарымның барлығы көпшіл, туысшыл жандар. «Бірге тумақ болғанмен бірге өлмек жоқ», дейді ғой. Бір құрсақтан тарап, бір ұяда ержеткенмен бүгін жан-жаққа кеттік. Тек жүрегіміздің түбінде бір-бірімізге деген мәңгі ортаймас бауырмалдық, мәңгі үзілмес қимастық, мәңгі азаймас сүйіспеншілік терең орын алған. Ағасы түгілі, анасына қол жұмсап жатқан кейбір қатыгез жүректі көргенде, Алланың бізге осыншалық терең махаббат, береке сыйлағанына ризамын. Біздің ата-анамызға деген, бір-бірімізге деген осы ыстық сезіміміз о дүниеге өзімізбен бірге аттанар. «Не ексең, соны орасың», дейді ғой халқымыз. Бүгінде әке-шешеміз Алланың қуатында, өз кіндігінен тараған балаларының шаңырағында немерелерін иіскеп, шат-шадыман өмір сүріп жатыр. Мен ата-анама ұзақ өмір, тілеймін! Алла бізге сол кісілердің жолын берсін! Сөз соңында менің ауылдан алғаш аттанғанда туған мына бір өлең жолдары есіме оралды: Қимастық дейтін қыл сезім, қиын ба мұнша тәңірім, Өзекті өртеп бір жалын, тербетті мені тағы мұң. Анамның көл боп көз жасы, сүйіп жатты бетімнен, Қия алмай мені жылап тұр, қасымда тентек бауырым. «Аман бол,- деп - ал балам» әкем теріс айналды, Ағам үнсіз білемін, көңіліне қайғы алды. Толқыған тілсіз жүректі әрең тежеп амалсыз, Аттанып кеттім ауылдан медеу ғып алда арманды. Бірге туған бірге өлер, тегін сөз емес екен ғой, Жылады қарындастарым, жүрегі бірге кетердей. Қиналсаң туған қандасың қанын да берер сен үшін, Сүйіспеншілік болмаса, бәрі де бәлкім бекер ғой. Мынау сүркей заманда, сұмдықтар бар не түрлі, Айып көрмес ақша үшін ағасының басын кесуді. Жүрегі нәзік адамның тілегі де аппақ болады, Қатыгез жүрек қашанда мүсіркемес жетімді. Қиылмайтын ағайын, қимастық болсын араңда, Керегі сол мен үшін, керегі сол саған да. Қатыгездік, зұлымдық болмауы үшін ғаламда, Нәзіктік керек жүрекке, қимастық керек адамға.
Ризабек Нүсіпбекұлы