«Мерейлі отбасы» республикалық байқауына барша Қазақстаннан 16 үздік отбасы қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері Отбасы күнімен бірге бекітілген «Мерейлі отбасы» байқауы туралы айтып берді.

«Байқауға қатысатын әр отбасының өз ерекшелігі бар. Өңірлерде жұмыс істеген комиссиялар үшін республикалық турға іріктеу жүргізу қиын болды», - деді комиссия төрағасы Махаббат Бекбосынова. Байқаудың аймақтар мен облыстардағы жеңімпаздары қазылар алқасымен анықталды. «Астана қаласында Ахметовтер отбасы үздік атанды. Бұл теміржолшылар әулетінде 67 адам бар. Алматыда Жұмаевтар отбасы - альпинистер жеңіске жетті. Отағасы әлемнің 14 шыңын бағындырған екен. Ақмола облысында педагогтар әулеті топ жарды, олардың қызмет өтілі 300 жылдан асады», - дейді Махаббат Бекбосынова. Ұлттық комиссия өкілдерінің атап өтуінше, байқаудыңмақсаты - отбасы мәртебесін арттыру және нығайту, Мемлекет басшысы аталған қоғамдық институтты дамытуға және сақтауға ерекше назар аударады. Биыл елордалық байқауға 44 отбасы қатысты, соның ішінде мұғалімдер, теміржолшылар, дәрігерлер, спортшылар және т.б. Әр әулет үшін «Мерейлі отбасы» байқауы - оның жетістіктері мен табыстарының көрсеткіші. Қазіргі уақытта ұлттық байқаудың аудандық және облыстық, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалалары деңгейіндегі 2 кезеңі өткізілді. Жеңімпаз атанған 16 отбасы финалға өтті. Еліміздің үздік отбасы SMS және интернет дауыс берудің қорытындысы бойынша анықталады, ал жеңімпаздың есімі қыркүйек айында гранд-финалда барша Қазақстанға жарияланады.