«Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауында Алматы намысын қорғайтын отбасылар анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауында Алматының намысын үш отбасы: ҰОС ардагерлері Калининдердің отбасы, Дудаевтардың медициналық әулеті және көпбалалы Қадыровтардың жанұясы қорғайтын болды.

Үлгілі отбасыларды марапаттау салтанатына Алматы әкімі Ахметжан Есімов, қоғамдық ұйымдардың, отбасыларды әлеуметтік қолдау бірлестіктері мен дағдарыстар орталықтарының өкілдері қатысты.

Қала әкімі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бұл байқаудың отбасылық құндылықтарды, отбасы мен некенің өміршеңдігін үлгі етуде, жалпы отбасының мәртебесін арттыруда барынша маңызды екендігін атап өтті.

«Бұл отбасылық фестивальдің маңызы өте зор. Биылғы байқауға былтырғы жылға қарағанда екі есе көп отбасы қатысты. Олардың барлығы түрлі кәсіптің, этностың және еңбек әулетінің өкілдері», - деді Ахметжан Есімов.

Қала басшысы сыйлықтарды тапсыру барысында Алматыдағы отбасылық- демографиялық жағдайдың оң динамикасын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 5 жыл ішінде мегаполис тұрғындарының орташа өмір сүру жасы 4 жылға артып, 74,6 жасты құраған (ерлер - 70,2, әйелдер - 78,3). Өмірге сәбидің келу динамикасы да тұрақты. Мысалы, өткен жылы Алматыда 42 мың нәресте дүниеге келген, бұл - еліміздің әрбір тоғызыншы баласы. Ана өлімі 6 есе, ал сәби өлімі 2 есе төмендеген.

Мемлекет отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуде. Нәресте өмірге келген кезде бір реттік жәрдем ақша және бала бір жасқа толғанша әлеуметтік жәрдем көрсетіледі әрі көп балалы аналар да жәрдем ақша алады.

«Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматыда 800-ден астам көпбалалы және жас отбасы өзге де әлеуметтік жағынан қорғалатын тұрғындармен бірге пәтер кілттерін алды.