Мерием, Расул, Гамзат: Шымкентте үшем дүниеге келді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының 39 жастағы тұрғыны Фатима Якубова үшем босанды.
Шымкент қалалық перзентханасында үшем — бір қыз және екі ұл бала — дүниеге келді. Жүктіліктің 31-ші аптасында жарық дүние есігін ашқан нәрестелердің салмағы — 975, 1765 және 1920 грамм болды. Олар бірнеше минут айырмашылықпен туылды.
56 күн бойы сәбилер мен олардың 39 жастағы анасы дәрігерлердің жіті бақылауында болып, қажетті ем мен күтім алды. Қазіргі уақытта балалардың да, ананың да жағдайы жақсы. Бүгін үйлеріне шығарылды.
Фатима Шамсутдинқызының бұл екінші босануы. Енді ол жұбайы Зухрейдинмен төрт баланың ата-анасы атанды. Ал, нәрестелерге Мерием, Расул, Гамзат есімдері берілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте 15 793 сәби дүниеге келді. Оның 7726 қыз болса, 8067 ұл бала. Сондай-ақ, 180 егіз, 3 үшем бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда Отбасын қолдау орталықтарының саны үш есе артқанын жазған болатынбыз.