Мэрилин Монроның артынан арнайы қызметтің аңдығаны жөнінде құпия құжаттар жарық көрді

АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы атақты киноактриса Мэрилин Монроның артынан қалай бақылау жүргізілгені жөнінде құжаттарды жариялады, деп хабарлайды «РИА Новости» Ассошиэйтед Пресс агенттігіне сілтеме жасап.

Бірнеше жыл бойы ФТБ коммунистермен байланысы бар деген күдікпен актрисаны бақылап келген. Жария етілген материалдардың негізгі бөлігі Мэрилин Монроның 1962 жылы Мехикоға жасаған сапарына қатысты. Алайда, жарық көрген құжаттарда көпшілік күткендей оның өлім себебіне нақты жауап табылмады.  

Американдық киноактриса Мэрилин Монро (шын есімі- Норма Джин Мортенсон, Norma Jean Mortenson) 1926 жылдың 1 маусымында АҚШ-тың Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласында дүниеге келген. 36 жасында өмірден озған актриса 30-дан астам фильмге түсіп үлгерді.