Меритократия жүйесі жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс - Ә. Бәйменов

None
АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Ең алдымен мемлекеттік қызметте еңбегін бағалап, білімі мен білігіне қарап өсіру жүйесі, яғни меритократия жүйесі жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс.

Бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің дәстүрлі апталық брифингінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов осылай мәлім етті.

«Осы жүйені дұрыс жолға қойсақ, кадрларды іріктеу саласында тамыр-таныстықты жойсақ, білім-білігіне қарап іріктейтін басымдық қалыптасса, онда жастардың өзі мемлекеттік қызметке кіріскенде, одан әрі жоғарылағанда өз білімі мен еңбегіне сүйенетін болады. Сосын ең төменгі лауазымға қойылатын талаптар ішінде еңбек өтіліне талаптар жұмсартылады», - деді Ә. Бәйменов.

Оның сөзіне қарағанда, жастарға қатысты тәлімгерлік жүйесі мен тағылымдамадан өту шаралары да қарастырылады. «Жас мемлекеттік қызметшілерге тәлімгер бекітіліп, олардың қызметті тезірек игеруі қарастырылады», - деді агенттік төрағасы.