Меркіге саяхат: көрікті орындар мен жайлы аялдау орындары

АСТАНА. KAZINFORM – Kazinform агенттігі жол бойындағы қонақүйлер желісімен бірлескен жоба аясында Қазақстандағы автосаяхатқа арналған қызықты бағыттар мен жол үстіндегі жайлы аялдау орындары туралы материалдар топтамасын ұсынады.

Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

Сапардың бағытын ұзақ жоспарламай-ақ қызықты демалыс ұйымдастыруға болатын өңірлердің бірі – Меркі ауданы. Мұнда табиғат, тарих және жергілікті тағамдардың бірін таңдау қажет емес. Бір күннің ішінде тау шатқалын аралап, өзен жағасында серуендеп, ежелгі тас мүсіндерді тамашалап, жергілікті ірімшіктің дәмін татып, сапарды ыстық күйінде дайындалған форельмен аяқтауға болады.

Тараздан аудан орталығына дейін шамамен 157 шақырым, ал Алматыдан 337 шақырым. Сондықтан мұнда демалыс күндері арнайы келуге де, еліміздің оңтүстігі арқылы өтетін жолда аялдауға да қолайлы.

Бұл өңірге жақындаған сайын кең жазық біртіндеп Қырғыз Алатауының бөктеріне ұласып, ауа райы салқындай түседі. Кәдімгі автожолдың өзі тауға бастайтын шағын саяхаттың бастауына айналады.

Айта кету керек, сапарды ең алдымен Меркі шатқалынан бастаған жөн. Өйткені ауданның табиғатымен танысуға арналған ең қолжетімді бағыттардың бірі. Мұнда асықпай серуендеп, өзеннің сылдырына құлақ түріп, табиғат аясында демалып, пикник ұйымдастырып немесе көрініс алаңдарына көтеріліп, бірнеше сағатты тыныш әрі жасыл желек арасында өткізуге болады.

Фото: kymyz_saumal_merke/Instagram

Шатқал балалармен келген отбасыларға да, достармен саяхаттаушыларға да, қиын жорықсыз-ақ таудың ерекше атмосферасын сезінгісі келетіндерге де қолайлы.

Сонымен қатар белсенді демалысты ұнататындар үшін атпен серуендеу ұсынылады. Ат үстінде жүріп, маршруттың бір бөлігін мүлде басқа ырғақпен тамашалауға болады. Табиғатты жақынырақ сезінгісі келетін, бірақ күнді ауыр треккингке арнағысы келмейтін саяхатшылар үшін жақсы таңдау.

Егер уақыт жеткілікті болса, Меркі тауларында альпілік шалғындар мен көне балбал тастарды көруге болады. Бұл тас мүсіндер ауданның ең танымал тарихи ескерткіштерінің бірі саналады.

Мұндай бағытқа алдын ала дайындалған дұрыс. Жолды нақтылап, жолсерікпен келісіп, ауа райын тексеріп, ыңғайлы аяқ киім таңдау қажет. Сонда қарапайым серуеннің орнына таудың қойнауында сақталған көне тарихқа саяхат жасауға мүмкіндік туады.

Меркі ірімшігі де өңірдің гастрономиялық брендіне айналған. Оны осы жерде дәмін татып көруге немесе жолға естелік ретінде сатып алуға болады. Ал шатқалды аралағаннан кейін жергілікті форель, ыстық шай, тандыр нан, сүт өнімдері, маусым кезінде қымыз бен саумал сапардың ерекше әсерін толықтыра түседі.

Сондықтан Меркі тек тау көруге келетіндер үшін ғана емес, әртүрлі демалыс түрін қалайтындар үшін де қолайлы бағыт. Мұнда өзен жағасында тыныш серуендеуге, отбасылық пикник өткізуге, атпен қыдыруға, балбал тастарға баруға немесе жергілікті тағамдардан дәм татуға болады.

Меркіге бір ғана көрікті орын үшін емес, табиғат аясында тынығып, тарихи орындарды аралап, жергілікті тағамдардан дәм тату үшін барған жөн. Бірнеше сағаттың өзі бұл өңірдің сұлулығын сезінуге жеткілікті болғанымен, бір күннің өзі аздық етуі мүмкін.

Қайда қонуға болады?

Түнейтін орын ретінде Keruen Inn қонақүйін таңдауға болады.

Фото: Эльдар Мақсат

Қонақүйлер желісінің бірі Жамбыл облысы Меркі ауданында, Меркі кентінің батыс жағындағы Ақтоған ауылы маңында, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан.

Фото: Эльдар Мақсат

Автосаяхатшылар үшін осы қонақ үй ұзақ жолдан кейін тынығуға қолайлы орын. Қонақүйде 30-дан астам жайлы бөлме, жеңіл және жүк көліктеріне арналған кең автотұрақ, сондай-ақ дәмхана, дүкен және дәріхана жұмыс істейді.

Жақын маңда Qazaq Oil жанармай құю бекеті орналасқан, сондай-ақ электр көліктеріне арналған қуаттау станциялары бар.

Фото: Эльдар Мақсат

Таңертең кофе ішіп, көлікке жанармай құйып, жолға қажетті су мен азық-түлік алып, әрі қарай Таразға, Алматыға немесе Меркідегі әлі көріп үлгермеген көрікті жерлерге сапарыңызды жалғастыра аласыз.