Меруерт Өтекешова: Махаббаттың тірегі – адалдық, ізгілік, мейірім

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елімізде Ғашықтар күні аталып өтіп жатыр. Мерекеге орай Kazinform тілшісі махаббаттың, сұлулықтың символына айналған Меруерт Өтекешовамен тілдесіп, қазақстандықтарға арналған ізгі тілегін жазып алған еді.

Фото: БҚО мәслихатынан

«Қыз Жібек» фильмі арқылы қазақ қыздарының сұлулығы мен адалдығының жарқын бейнесіне айналған Қазақстанның халық әртісі жастарға мәңгілік махаббат тілеп, сезімге адал болуға шақырды.

– Құрметті жастар, мен сіздерді өте жақсы көремін. Сіздер үшін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні болса, мен үшін «Қыз Жібек – Төлеген» күні. Махаббаттың тірегі – адалдық, ізгілік, мейірім. Біз махаббатқа сенуіміз керек. Романтикасыз махаббат болмайды. Сондықтан жастарды романтик болуға шақырамын. Махаббатсыз өмір жоқ, өнерсіз өмір жоқ. Баршаңызға үлкен бақыт, мәңгілік махаббат тілеймін, – деді Меруерт Өтекешова.

Айта кетейік, Қазақстанда 15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні ретінде аталып өтеді. Бұған дейін ұлт тарихындағы ұлы ғашықтар туралы, әлем елдеріндегі махаббат мерекелері жайында жазған едік.