Мерзімінен бұрын болатын Президент сайлауы үш айдан кейін өтуі ықтимал- Е. Ертісбаев

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстандағы мерзімінен бұрын болатын Президент сайлауы үш айдан кейін өтуі ықтимал. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасының Қазақстан халқына жасаған үндеуінен кейінгі брифингте Мемлекет басшысының кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев айтты.

Оның пайымдауынша, «жақын арада, мүмкін ертең Президент өзінің ұсынысын Парламентке енгізеді»

«Егерде мен қателеспесем, Конституция бойынша үш айлық мерзімде президенттік сайлау өтуі тиіс. Атап айтқанда, 1 мамырда президенттік сайлау өтуі мүмкін. Себебі, 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл атаулы күн болар еді»,-деді Е. Ертісбаев.

Мемлекет басшысы референдумнан бас тартқанына тоқталған ол: «Президент өзінің президенттік мерзімін 2 жылға қысқартып отыр. Меніңше, 3 айдан кейін Президент сайлауы өтеді. Бұл барлығы үшін күтпеген шешім. Себебі, залда отырғандардың арасында бірде-бір адам Елбасы осындай шешім қабылдайды деп ойламады. Бұл барлық сыншыларға жауап деп білемін. Бұл сөзде еш ерсілік жоқ. Себебі, бұл тақырыпқа байланысты көп сын болған еді. Атап айтқанда, осы жағдай Мемлекет басшысының демократиялық құндылықтарды ұстанатынын тағы да көрсетіп отыр. Ал демократияның өзегі сайлау болып табылады»,-деді.