Мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу дер уақытында қабылданған шешім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу дер уақытында қабылданған шешім. Бұл пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің доценті Қанат Әуесбай білдірді.

«Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын өткізу өте дұрыс. Қазіргі уақытта әлемде орын алып отырған экономикалық тұрақсыздық жағдайында нақты іс-қимыл қабылдайтын уақыт жетті. Сол себепті бұл бастама меніңше дер уақытында қабылданған шешім», - деді ол.

Оның пайымынша, Мәжілістің қазіргі шақырылымы 5 институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» Ұлтты жоспарын іске жаратуға қажетті заңнамалық базаны әзірлеудегі өз міндетін толығымен орындады.

«Сондықтан да бұл Мәжіліс өзінің тарихи миссиясын толығымен орындады деп санаймын», - деп қосты Қ.Әуесбай.

Ол сонымен қатар Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауын бір мезетте өткізу сайлау науқанын ұйымдастыруға және өткізуге қажетті бюджет шығыстарын айтарлықтай қысқартатындығын атап өтті.