Вашингтондағы Жаһандық қауіпсіздік институтына қарасты Энергетика, табиғи ресурстар және геосаясат орталығының директоры Ариэль Коэннің пікірінше, кезектен тыс сайлаудан жасқанудың қажеті жоқ. Себебі, әлемде мұнай бағасы құлдырап, қаржы дағдарысының салқыны сезіліп тұрған қазіргі шақта бұл бастама экономикалық қиындықтарды оңай еңсеріп, елдегі тұрақтылықты сақтап қалудың тиімді жолы болып табылмақ.
Сарапшы бұған дейін де еліміздегі сайлауларға байқаушы ретінде қатысып қайтқан. Еліміздің экономикалық жетістіктерін бір кісідей білетін ол, қолға алған реформалардың табысты жалғаса беретініне сенім білдіреді.
«Әлемде жүріп жатқан дағдарыс ешкімге оңай тиіп тұрған жоқ. Мұнай мен табиғи байлықтардың бағасы құлдырап, тіпті, Ресей, Австралия, Оңтүстік Африка, Канада мен Бразилия сияқты елдерге кесірін тигізіп жатыр. Сондықтан Қазақстанның жаңа Парламент құрамын жасақтап, мерзімінен бұрын сайлау өткізу бастамасы нағыз қолдауға тұрарлық. Қазақстан онсыз да жаһанның көптеген мемлекеттерімен салыстырғанда өзіндік өрлеу қарқынымен танылып келеді. Меніңше, ол осы бағытынан жаңылмай, алдағы онжылдықтарда әлі талай биіктерге жететініне бек сенімдімін», - дейді А.Коэн.