Мешітке шошқаның тұяғын лақтырғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Швеция астанасы Стокгольм шаһарынан оңтүстікке қарай орналасқан Фитья ауданындағы мешіт вандалдардың шабуылына ұшырады. Полицияның мәліметінше, белгісіз біреулер ғибадат ғимаратының терезесін сындырып, ішке доңыздың тұяғын лақтырған көрінеді.

Сёдерторн қаласының полиция бөлімшесінің басшысы Ульфа Янзеннің сөзіне қарағанда, мешітке жасалған бұл шабуыл бойынша «ұлтараздықты қоздыру» және «мүлікке зиян келтіру» баптары негізінде қылмыстық іс қозғалған, деп жазады muslim.kz.

«NewsBalt» ақпарат көзі хабарлағандай, 2013 жылы мамыр айында Стокгольмнің маңындағы елді мекендердің көбісінде ұлтаралық қақтығыстар орын алып, Азия мен Африкадан келгендер жолындағысын қиратып, тәртіпсіздікке жол берген. Олардың бұл бассыздығы билік өкілдерінің де, байырғы тұрғындар тарапынан да жауапсыз қалып, жабулы қазан жабулы күйінде қалдырған еді. Арада алты ай уақыт өткен соң орын алған шабуылдың кеш те болса кек алу мақсатында жасалған әрекет деп болжаушылар да бар.

Фитья елді мекеніндегі мешітке жасалған шабуылға байланысты мына оқиғаны да айтпай кетуге болмас. Қыркүйек айының 22-і күні Стокгольм тұрғыны автокөлікпен мешіттің маңынан өтіп бара жатып, қатты дабыл берген. Сол кезде оны «діни қызметке кедергі келтірді» деп айыптаған болатын.