«Мешіттерде орысша уағыз жүргізетін имамдарды ұстау керек пе?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 25 желтоқсан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше «Думан» ойын-сауық орта­лығында Президентіміз Нұрсұлтан На­зарбаевтың атынан жетім бала­ларға арналған «Жаңажылдық дос­тар мейрамы: менің Қазақстаным, менің болашағым» атты жаңа­жылдық қойылым өтті. осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Балалар Президент шыршасын тойлады» деген мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, бұл мерекенің ең басты қуанышы - Елбасының бейнежолдау арқылы бала­лар­ды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтауы болды. Арнайы жазылған бей­нетаспа арқылы ел Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев шыршаға жиналған ба­ла­ларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен барлық арман­дары­ның орындалуын, барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, алға қойған мақсат­тарына жете берулерін тіледі. Сонымен қатар, Елбасы: «Сендер азат, жасампаз елде гүлдей жайнап, балалықтың базарлы шағын бастан кешкен бақытты ұрпақ­сың­дар. Мемлекет сендердің терең білім алып, бақытты болып, алаңсыз өсу­лерің үшін барлық жағдайды жасауда. Асыл армандарыңды шындыққа айналдыру үшін дарынды балаларға арналған мектептер ашылды. Даныш­пан бабамыз Абай аталарың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деп айт­қанындай, сендер барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, туған Отанымызды шын сүйетін үлгілі істеріңмен еліміздің дамуына үлес қосатын үлкен азамат болыңдар! Талапты да талантты, батыл да алғыр, зерек те зерделі болып өсіңдер!», - деді өзінің құттықтауында.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына еліміздің жұртшылығынан, соғыс және еңбек ардагерлерінен, еңбек ұжым­дары­нан, студенттерден, жоғары оқу орындарының ұжымдарынан, Қазақ­станның қоғамдық ұйымдарынан Астанада ЕҚЫҰ Саммитін табыс­ты өткізуге байланысты құттықтаулар келуін жалғастыруда. Солардың бір парасы «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде «Ұлттық құндылық ретінде ұлықтала бермек» деген тақырып аясына топтастырылып берілген. Мәселен, Павлодар мемлекеттік уни­вер­си­тетінің профессор-оқыту­шы құ­ра­мы мен студенттері жол­даған хат­та ЕҚЫҰ Саммиті қа­зақ­стан­дық тарих үшін теңдессіз оқиға болғаны атап көрсетіліп, ол Қазақ­станды дамудың сапалық жаңа деңгейіне шығарғаны айтылған. Ал Шымкент қаласының тұрғы­ны В.Андрюков өз хатында Мемлекет басшысын егемен Қазақ­стан дамуының тағы бір атақты кезеңінің аяқталуымен - ЕҚЫҰ Саммитінің өтуімен шын жүрек­тен құттықтаған. «Қазақстан халқы бүкіл әлем­ге бұл мем­ле­кет­тің қуатты екенін дәлелдеді. Құр­мет­ті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз­дің Тәуел­сіз Қазақстанның мүд­­десі тұр­ғы­сы­нан бір шаңыра­қтың асты­на әлем­нің көп­теген елдерінің бас­шы­ларын жина­ған және оларды жан-жақты үнқа­т­ысуға тартқан жеке өзіңіздің ерлі­гіңізді мақтан етемін. Сіз - Ұлт­тың көшбасшысы ғана емессіз, Сіз - Халық батыры­сыз!» - деп жазады В.Андрюков.

***

Православ шіркеулері қазақша үйреніп жатқанда қазақстандық мешіттер де орыстілді қауымның қамын ойлап, дін үйренуде олардың мүмкіндігі шектеулі болып жатқанын сөз етуде. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінің «Ой-көкпар» айдарында «Мешіттерде орысша уағыз жүргізетін имамдарды ұстау керек пе?» деген сауал мамандар таразысына салынып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптама және талдау бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров: «Діннің асыл мақсатын орыс тілінде жеткізгеніміз дұрыс болады. Себебі өзіміз өмір сүріп жатқан нақты қоғаммен санасу керек. Бізде қазір мектептер орысша, балабақшалар орысша оқытады. Өзге ұлт өкілдерін былай қойғанда, тіпті өзіміздің қазақтардың да көбі орыстілді. Балабақша кезінен орысша тәрбие алған адамдарына дінді қазақтың әдеби тілінде ұғынуы қиынға түсетіні анық. Сондықтан өзге ұлт өкілдері түгіл, өзіміздің қазақтарға діннің кейбір тұстарын орысша баяндасақ, олар әлдеқайда оңай ұғынып жатады», - деген ойын алға тартқан. Ал орыс тілді имамдарды дайындау қажет емес деген пікірін білдірген «Ұлт дабылы» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Кенесары Қаптағаев: «Қазір біздің мешіттер де орыстандырылып жатыр. Меніңше, бұл жақсылықтың нышаны емес. Құдайға шынайы бет бұрғысы келген адам оған барудың жолын табады. Оған тап қазақ тілі кедергі бола қояды деген пікірмен өз басым келісе алмаймын», - дейді.

Әрбір жер-су атауында өзіндік сыр бар. Қазақ оны белгілі дүниелерге орайлас қояды. Астарына үңілсеңіз, көптеген деректі кезіктіре алатының ақиқат. Олар жалпы жұртты еріксіз өзіне қызықтыра түседі. Ұлан-байтақ даламызда мұндай қастерлі орындар көп. Қашаннан да қазақылық қалпын сақтап келе жатқан Сыр бойында осындай жер-су атаулары жетерлік. Олардың кейбірінің атауы жайлы бірнеше болжам жасауға болады. Өйткені сол атаудың өзінен халқымыздың бай тілінің қоры мол екенін аңғару қиынға соға қоймас. Қызылорда облысында Қазалы атты жер бар. Кішкене ғана елді мекен емес. Ауданның атын иеленіп отыр. Облыстың солтүстік бөлігінде қоныс тепкен. Осы Қазалы атауының қайдан шыққанын білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетінің сенбілік санын назарыңыздан жіберіп алмаңыз.

***

«Оңтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Уәлихан Ережеповті сәрсенбі күні өзі тұратын көп қабатты үйдің кіреберісінде белгісіз біреулер соққыға жығып кетті. Әртүрлі дәрежеде жарақат алған облыстың бас құтқарушысы жедел жағдайда ауруханаға жеткізілді», деп жазады «Айқын» газеті «Полковникті сабап кетті» деген мақаласында. Басылымның баяндауынша, кештетіп жұмыстан қайтқан полковник Уәлихан Ережепов үйдің жоғарғы қабатына көтеріле бергенде дәліздегі жарықтың өшіп қалғанын байқайды. Оны жоғарғы қабаттан жүгіріп түскен бірнеше адам күтпеген жерден соққының астына алған. Дегенмен полковниктің өздеріне оңайлықпен әл бермесін түсінген «қарақшылар» біраз «алысқаннан» кейін оқиға орнынан тайып тұрған. Бірақ үш қарақшының біреуі Уәлихан Ережеповті оң қолынан қатты ұрған. Қатты соққы салдарынан полковниктің бір саусағы сынып, жергілікті дәрігерлер оны кесіп тастауға мәжбүр болды. Дегенмен, облыстың бас құтқарушысы күтпеген жерден өзіне жасалған қарақшылық шабуылды қызметімен байланыстырып отыр.

«Айқын» газетінің жазуынша, Алматының «Бағанашыл» ауданындағы «Наурыз» тұрғын үй кешенін салып жатқан құрылысшылар екі айдан бері маңдай тер, табан ақыларын ала алмай жүр. "Редакциямызға келіп түскен хаттың иелері «Баз Эстейт» ЖШС-нің басшылығы жалдамалы жұмыскерлерге жалақысын бермей, құрылысшылар Жаңа жыл мерекесі қарсаңында үйлеріне қайта алмай отыр деп шағымданған. Алыс ауылдан нәпақа іздеп келіп, жалақысына қол жеткізе алмай жүргендердің жалпы саны - 80 адам. Олардың көпшілігі құрылыс басында түнеп, адамның тіршілігіне ешбір жағдай жасалмаған вагондарда тұруға мәжбүр",- деп жазады басылым. Бұл жайында толығырақ білгіңіз келсе газеттің сенбілік нөміріне назар аударыңыз.

***

«Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Пәкістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Ахтар Туфаильды қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, халықаралық ынтымақтас­тық жайлы сөз қозғалғанда, елші М.Ту­­фаиль әлемдік қоғамдастықтың қол­дауымен ЕҚЫҰ Саммитін жо­ғары деңгейде өт­кіз­ген Қазақ­стан­ның жалғас­ты­ру­шы көпір болуы­ның арқасын­да Шығыс пен Ба­тыстың ара­сында үнқатысу қамта­ма­сыз етілгенін атап өтті. сондай-ақ әңгіме барысында Ауған­станға жасалып жатқан гумани­тарлық көмек жөнінде де айтылды. Қазақстан әлем назарын ауған еліне аудара білді және өзі де қол­дау көрсетті. Қазақстанның қол­дауымен бір мың Ауғанстан азаматы елі­міз­дің жоға­ры оқу орындарында білім алаты­ны көзделген. Бүгінгі таңда соның алғашқы легі - 155 студент келгені белгілі болып отыр.