Осылайша атақты футболшы қылмыстық қудалаудан аман қалып отыр. Ал полицейлер болса, Месси әкесінің айлакерлікпен айналысып жүргенінен хабарсыз болған деп санауда.
Каталониялық «Барселона» және Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси әкесінің айлакерлігі үшін Испанияның мемлекеттік қазынасына 32,9 млн. еуро төлемек, - деп хабарлайды Marca.
Тергеушілер Үлкен-Мессидің 2007-2009 жылдар аралығындағы кезеңде салық органдарынан 4,1 млн. еуро көлемінде қаржыны жасырғандығын дәлелдеп шыққан. Сөйтіп, сот жұлдызды футболшыға бес миллион еуро және осы соманың айыппұлы ретінде 2,7 млн. еуро төлеуге міндеттеп, шешім шығарған.
Сонымен қатар, Хорхе Мессидің 2010-2012 жылдар аралығындағы салықтық кезеңде 25 млн. еуро төлемегендігі тағы анықталған. Міне, осындай сомаларды жинақтай келгенде футболшы Испан қазынасына 32,9 млн. еуро төлеуге борышты болып отыр.
Ал полицейлердің түсіндіруінше, Лионель Месси әкесінің немен айналысып жүргендігінен хабарсыз болғандықтан, оның айлакерлікке еш қатысы жоқ деп танылған. Сондықтан да ол қылмыстық қудалауға ұшырамаған.
Естеріңізге сала кетейік, осы күндері футболшы Бразилияда өтіп жатқан әлем чемпионатында өз елінің ұлттық құрамасының қатарында өнер көрсетуде.