Месси Мюллердің «мәңгілік» рекордын бұзды

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат  -  «Барселона» футбол клубының аргентиналық шабуылшысы Лионель Месси Еуропада бір маусымда 68 доп соққан алғашқы ойыншы атанды.

Футболшы сәрсенбі күні өткен испандық «Барселона» мен «Малага» арасындағы ойында рекорд орнатты. Бұл бәсекеде атақты шабуылшы үш доп соғып, 4:1 есебімен өз командасына жеңіс сыйлады, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.  

Кездесудің 59 минутында пенальтиден екінші голын соққан Месси 1972-1973 жылдардағы маусымда мюнхендік «Баварияда» ойнай жүріп, қарсыластарын 67 рет қапы қалдырған, аты аңызға айналған футболшы Герд Мюллердің нәтижесін қайталады. Ал тағы 5 минуттан кейін «Малаганың» қақпасына аргентиналық үшінші голын соқты. Сөйтіп, футбол тарихында бір маусымда ең  көп доп соққан футболшы ретінде рекорд орнатты.