НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Испаниялық «Барселона» клубының шабуылшысы Лионель Месси ұлы футболшы Пеленің рекордын жаңартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аргентиналық Л.Месси бұл нәтижеге Испания чемпионатының 15-турында «Вальядолид» пен «Барселона» арасында өткен матчта қол жеткізді.
Ойынның 65-минутында 33 жастағы Месси гол соғып, Пеленің бір клуб үшін соққан доп санынан асып түсті.
Осылайша Л.Месси каталониялық «Барселонаның» намысын қорғай жүріп, қарсыластар қақпасына 644 гол енгізді. Ал атақты Пеле бразилиялық «Сантос» клубында 1956-1974 жылдар аралығында доп теуіп, 643 гол соққан болатын.
Сырт алаңда «Вальядолидті» 3:0 есебімен ұтқан «Барселона» 24 ұпаймен турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).