Месси үздік ойыншыға берілетін Америка Кубогы жүлдесінен бас тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси Чили командасымен финалдық матчтағы пенальти сериясындағы жеңілістерінен кейін үздік ойыншыға берілетін Америка Кубогы жүлдесінен бас тартты. Бұл туралы итальян журналисі Танкреди Палмери өзінің Твиттердегі парақшасында жазды, деп хабарлады Lenta.ru.

Палмеридің айтуынша, аргентиналықтың жүлдеден бас тартуы марапаттау рәсімі үдерісіндегі он минуттік іркіліске соқтырды, өйткені турнирді ұйымдастырушылар Мессиді көндіруге тырысты. Журналист футболшы күлкіге қалмас үшін өзіне награда тапсыруға батыл қарсы шыққанын түсіндірді, 2014 жылғы әлем чемпионатында да Аргентина финалда Германияға жол бергеніне (0:1) қарамастан ол үздік ойыншы болып танылған еді.

Ақырында жүлде ешкімге де берілген жоқ.

АК-2015 топтық кезеңінде Парагваймен (2:2) матч үшін Месси кездесудің үздік ойыншысы болып танылған болатын, бірақ та сол кезде де ол жүлдеден бас тартты. Сол ойында шабуылшы пенальтиде бір доп соқты. Турнирде аргентиналық бір голмен және үш нәтижелі доп берумен ғана көзге түскен болатын.