«Мэтью» дауылынан Флориданың миллиондаған тұрғыны үйлерін тастап кетуде
14:30, 07 Қазан 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылдағы ең ірі дауылдың жақындауынан миллиондаған адам Флорида штатындағы Атлант мұхиты жағалауын тастап кетуде, деп хабарлады ҚазАқпарат BBC Ресей қызметіне сілтеме жасап.
АҚШ дауылды болжау ұлттық орталығы дауылдан мұхит толқынының бес метрге дейін көтерілетінін, салдарынан үй-жайлардың қирауы мүмкіндігін ескертті.
«Мэтью» дауылының қауіп-қатер деңгейі бес балдық шкаланың төртінші деңгейіне көтерілді. Мұндай күшті дауыл 2004 жылдан бері Флорида жағасында болмаған.
«Мэтью» Флорида жағалауының орталық және солтүстік аудандарына залал келтіріп, Джорджия мен Оңтүстік Каролинаға беттеуі мүмкін. Президент Барак Обама аталған үш штатта төтенше жағдай жариялады, онда қосымша құтқарушылар тобы жіберіледі.
Көптеген аудандарда жүргізушілер жанармайға кезекте тұр, жергілікті тұрғындар азық-түлік пен суды көптеп сатып алуда. Мектептер мен университеттер, үкіметтік ұйымдар жабылуда.