Meta компаниясы иелік ететін әлеуметтік желілерде жасанды интеллект енді профильдерді толық көлемде әрі контексті ескере отырып талдайтын болады.
Балалардың нақты жасын анықтауға көмектесетін ақпарат жазба, пікір және фотосурет сипаттамаларынан ізделеді.
Сонымен қатар Meta AI бағдарламасы ықтимал заңбұзуды анықтау кезінде фотодағы адамдардың бойы мен сүйек құрылымын да есепке алмақ. Кейбір сарапшылар мұндай тәсілді «жеке өмірге шамадан тыс араласу» деп бағалап отыр.
— Жастардың бет-пішіні параметрлері мен мінез-құлқы туралы деректерді шамадан тыс жинап, өңдеу арқылы олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады деу — қате түсінік. Іс жүзінде бұл жарнама үшін расталған нысандар тізімін жасауға алып келеді, — деді Энди Пшибыльски.
Ал Нина Коллек Meta алдымен ауқымды деректер профилін қалыптастыруы қажет екенін айтты.
— Жасанды интеллект бағдарламалары жас пен мінез-құлық туралы қорытынды жасау үшін деректер негізінде үйренуі керек, — деп түсіндірді ол.
Meta компаниясының баспасөз хатшысы DW-ге компания 13 жасқа толмаған балалардың деректерін жасанды интеллектіні оқыту үшін пайдаланбайтынын, керісінше өшіретінін мәлімдеді.
Егер жасанды интеллект алгоритмі қолданушының 13 жасқа толмағанын анықтайтын белгілер тапса, оның парақшасы уақытша бұғатталады. Ал пайдаланушы өзінің жасы үлкен екенін дәлелдей алмаса, аккаунты және онымен байланысты барлық дерек жойылады, деп хабарлады компания.
Айта кетелік балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салатын нормалар Құрылтайда қаралады.