Метан мәселесі: Қазақстан мен GCF ортақ платформа құруды талқылады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін метан шығарындыларын азайтуға арналған көпжақты платформа құру мәселелері бойынша Жасыл климаттық қор (GCF) өкілдерімен кездесу өтті. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

23 мамырда Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Жасыл климаттық қор (Green Climate Fund, GCF) өкілдерінің кездесуі өтті.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

— Кездесу барысында метан шығарындыларын азайту жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге бағытталған, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) қатысуымен жүзеге асырылатын көпжақты платформаны құру бастамасын одан әрі іске асыру мәселелері талқыланды. Бұл бастама әсіресемұнай-газ және көмір өнеркәсібі салаларындағы метан шығарындыларына қатысты болды, — делінген хабарламада.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Кездесу барысында ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ильяс, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің және GCF-тің өкілдері GCF-тің Дайындық бағдарламасы аясында жобалық ұсынысты әзірлеу бойынша өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан метан шығарындыларын азайту бойынша жұмысты күшейтуге ниетті екенін жазған едік.