Мамандардың болжамынша, шілде айында Тынық мұхитының солтүстік-батыс бөлігінде және Оңтүстік Қытай теңізінде төрттен алтыға дейін тайфун қалыптасады. Оның екеуі немесе үшеуі Қытайдың жағалауына жетуі не сол өңірлерге әсер етуі мүмкін. Бұл шілде айындағы бұрынғы орташа көрсеткіштен (1,8 тайфун) едәуір жоғары.
Бұл туралы Ұлттық климат орталығы басшысының орынбасары Юань Цзяшуан мәлімдеді. Оның айтуынша, қуатты тайфундардың солтүстікке қарай жылжып, Солтүстік Қытайға дейін жету қаупі де бар.
Сарапшы жауапты мекемелерге тайфундардан болатын нөсер жаңбыр, су тасқыны, қатты жел және дауылды толқындарға байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі жоспарларды алдын ала әзірлеуге кеңес берді.
Биыл Қытайға алғаш жеткен тайфун – «Майсак». Ол Хайнань провинциясының жағалауына шыққаннан кейін елдің оңтүстігіндегі жағалау аймақтарына екпінді жел мен нөсер жаңбыр әкелді.
Атап айтқанда, Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында толассыз жауын жауып жатыр. Кейбір жерлерде бір тәулікте жауған жауын-шашын мөлшері 700 миллиметрден асқан.
Ұлттық метеорологиялық орталықтың мәліметінше, қазіргі уақытта «Майсак» тропикалық депрессия деңгейіне дейін әлсірегенімен, солтүстікке қарай қозғалысын жалғастырып, елдің оңтүстік жағалауынан Янцзы өзенінің орта және төменгі ағысына дейінгі, сондай-ақ Хуанхуай өңіріндегі кең аумақтарға ұзаққа созылатын нөсер жаңбыр әкеліп жатыр.
Ұлттық метеорологиялық орталықтың болжамынша, 2 шілдеде қалыптасқан «Бави» супертайфуны «Майсактан» кейін Қытайдың шығыс жағалауына жетуі ықтимал. Мамандардың айтуынша, 9 шілдеден бастап «Бави» Шығыс Қытайға қатты жел мен нөсер жаңбыр алып келеді.
Орталық сондай-ақ «Бавидің» елдің ішкі өңірлеріне қарай жылжуы мүмкін екенін ескертті. Соның салдарынан Янцзы өзенінің орта және төменгі ағысында, Солтүстік Қытайда және Хуанхуай өңірінде де мол жауын-шашын түсуі ықтимал.
Бұған дейін Қытайда тасқын мен дауылдан 10 адам қаза тауып, ондаған мың тұрғын зардап шеккені хабарланды.