Метро құрылысы саласында біздің әріптестерімізбен бөлісер тәжірибеміз жеткілікті - Мұрат Өкшебаев

АЛМАТЫ. 9 маусым. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы метро құрылысында қазіргі таңда ең озық технологиялар қолданылуда. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Метро» қауымдастығының халықаралық конференциясында айтылды.

«Бүгінгі шара Халықаралық «Метро» қауымдастығының кезекті конференциясы. Оны былтыр Мәскеудегі конференцияда келіскенбіз. Оның екі жағдайы бар. Бірінші, өзіміздің істеп жатқан жұмысымызды көрсетіп, әріптестердің оған қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Екінші, өзіміздің жасаған технологиялармызды да көрсету. Өйткені қазіргі таңда Алматы метросының техникалық деңгейі өзге метролардан әлдеқайда жоғары болып отыр», - дейді «Метрополитен» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Мұрат Өкшебаев.

Оның айтуынша, Алматы метросында қауіпсіздік талаптары толық сақталған. Лаңкестікке қарсы шараларда да құзырлы органдардың талап-тілектері толық ескерілуде. Қазір бұл бағытта нақты тұжырымдама жасалып жатыр.