«Петропавлдағы «Севказэнерго» АҚ қарайтын 2-Жылу электр орталығында тексерістен өтпеген өлшеу құралын пайдаланғаны анықталды. Кей өлшеу құралдары 4 айдан артық тексерістен өтпеген. Олардың арасында жылу есептегіш құралдары, дозаторлар, термометрлер және тағы басқалары бар», - деп хабарлады Комитеттің баспасөз қызметі.
Энергетикалық кәсіпорындарда барлық технологиялық үдерісті – өндіріс режимін, энергияны тасымалдау және есепке алуды бақылау үшін арнайы құралдардың көмегімен түрлі көрсеткіштерді өлшеп, тіркеу қажет.
Ал өлшеу құралдарын тексеріссіз қолдану ҚР «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету» Заңына қайшы келеді. Бұл талапты бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік – 1600 АЕК – 5 520 000 теңге айыппұл қарастырылған.
Заңбұзушылықты жою туралы Петропавл прокуратурасының ұсынымы негізінде департамент қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде хаттама толтырды.
Кәсіпорынның өз кінәсін мойындауына байланысты қысқартылған өндірістік тәртіпте айыппұлдың 50% - 2 760 000 теңгесі төленді.