Мэттью Перридің өлімі: актердің дәрігері 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды

Фото: NBCUniversal

АСТАНА. KAZINFORM – Америкалық сот «Достар» телехикаясының жұлдызы Мэттью Перриге кетамин жеткізген калифорниялық дәрігерді 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды BBC

Доктор Сальвадор Пласенсия Перриге кетамин жеткізгені үшін сотталған алғашқы адам болды. Бұл іс бойынша бес адамға айып тағылды, оның ішінде тағы бір дәрігер, актердің жеке көмекшісі және оның өліміне себеп болған дозаны ұсынған деп айыпталған екі адам бар. Олардың барлығы кінәсін мойындады және алдағы айларда сотталады.

Перри қайтыс болғаннан кейін АҚШ федералды билігі ауқымды тергеу жүргізіп, оның кетаминді Голливудта жұмыс істейтін жасырын есірткі саудасы желісі арқылы алғанын анықтады. 

Актердің отбасы судьядан Пласенсияны басқа айыпталушыларға қарағанда «кінәсі көбірек» деп мәлімдеп, ұзақ мерзімге соттауын сұрады. 

- Мен оны өсіргім келеді. Мұның бәрін оған қалай түсіндірерімді ойлап отырмын. Мен өз-өзімді сүріндірдім. Маған ақтау жоқ. Жасалған істі кері қайтару мүмкін емес. Мен мұны білемін. Анасы айтқандай, мен оны қорғауым керек еді. Мені кешіріңіздер, - деді дәрігер. 

Пласенсияға тағылған айыптар бойынша 40 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін еді, бірақ прокурорлар үш жылға жазалауды сұраған болатын.

Плесенсия кінәсін мойындау туралы хатында емханасынның қаржылық қиындықтарға тап болғанын және Перридің есірткіге тәуелділігінің белгілерін байқағанымен, «үлкен сомадағы ақша ұсынысы тартымды болғанын» түсіндірді. 

Кетамин, АҚШ Есірткіге қарсы күрес басқармасының мәліметінше, галлюциногендік әсерлері бар диссоциативті анестетик. Ол көру және есту қабілетін бұрмалап, пайдаланушыда оқшаулану және бақылауды жоғалту сезімін тудыруы мүмкін.

Ол адамдар мен жануарларға инъекциялық анестезия ретінде қолданылады, себебі ол пациенттерге ауырсынуды сезінбеуге және шындықтан алшақтауға мүмкіндік береді. 

Зерттеушілердің айтуынша, бұл препаратты тек дәрігер салуы керек, ал оны қабылдайтын пациенттер денсаулыққа ықтимал салдарға байланысты маманның бақылауында болуы тиіс. 

Перри кетаминді дәрігердің рұқсатымен заңды түрде қабылдаған, бірақ әртүрлі көздерден тағайындалған мөлшерден жоғары дозаларды алуға тырысқан. 

Прокуратураның мәліметінше, Пласенсия актерге кетамин инъекцияларын оның үйінде және Лос-Анджелестен шамамен 30 шақырым жерде орналасқан аквариумның тұрағында салған. 

Пласенсия сонымен қатар Перридің көмекшісі Кеннет Ивамасаға кетамин салуды үйретіп, оған қосымша дозалар сатқан. Прокурорлардың айтуынша, ол актерге 2023 жылдың 30 қыркүйегі мен 12 қазаны аралығында әрқайсысы 100 миллиграмм кетаминнің 20 ампуласын, сондай-ақ кетамин дәрілері мен шприцтер сатқан.

Еске сала кетсек, америкалық актер Мэттью Перри 2023 жылдың қазан айында 54 жасында өмірден өтті

Кейін актердің кетамин әсерінен джакузиге батып қайтыс болғаны белгілі болды.