Мейірім Нұрсұлтановтың ең үлкен жекпе-жегінің датасы ауысты
16:30, 18 Қаңтар 2022
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов (15-0, 8КО) пен ресейлік боксшы Андрей Сироткин (19-1-1, 7КО) арасындағы жекпе-жектің датасы ауысты. ҚазАқпарат бұл туралы ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін айқас 22 қаңтарға жоспарланған еді. Енді жекпе-жек 5 ақпан күні Ақтауда өтетін бокс кешінің басты оқиғасы болмақ. ⠀
Сироткин сәуір айындағы соңғы кездесуінде Ұлыбританияда жергілікті боксшы Дэнни Дигнуммен тең түскен еді. Ал Мейірім Нұрсұлтанов бұған дейін шаршы алаңға маусымда шығып, төрешілердің бірауызды шешімімен беларусь Дмитрий Атроховтан басым түсті. ⠀
Айта кетейік, қазақстандық боксшы – орта салмақтағы WBC (USNBC) чемпионы. Беделді BoxRec.com порталы Нұрсұлтановтың бұл жекпе-жегіне үш жұлдыз (ең көбі – бес жұлдыз бола алады) деген баға беріп отыр. Бұл Мейірімнің спорттық мансабындағы ең жоғары баға. Бұған дейінгі кездесулерінің бәрі екі жұлдыздан аспаған еді.