Бұл шара «Болашақ бүгіннен басталады» деп аталатын республикалық әлеуметтік науқанның аясында ұйымдастырылып отыр. Оны Алмалы ауданы әкімдігі мен «Нұр Отан» ХДП Алмалы аудандық филиалы, ҚР Азаматтық альянсы, қалалық ақпараттық-ресурстық орталық, Соғыс ардагерлері мен зейнеткерлерінің кеңесі бірлесіп өткізуде. 11 мамырға дейін созылатын бұл акция ардагерлерді қамқорлыққа алу, әлеуметтік қолдау және жастарға патриоттық тәрбие берудің әдіс-тәсілдерін жетілдіруге бағытталған. Оған партияның «Жас Отан» жастар қанатының 1 мыңнан астам мүшелері тартылуда. Олар Алмалы ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының 304 қатысушысы мен мүгедектеріне қамқорлық көрсетіп, соғыс ардагерлерінің есімі берілген көшелерді тазартып, көгалдандырады. Сондай-ақ «Жаңарған қолжазба» деп аталатын соғыс ардагерлерінің ғұмырнамаларын жүйеге келтіріп, жарыққа шығарады. Әлия мен Мәншүк монументінде «Еске алу вахтасы» ашылып, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы әскери-патриоттық тақырыпта жас суретшілер көрмесін ұйымдастырады.
12:39, 05 Мамыр 2012
«Мейірімділіктің көктемгі аптасы» акциясы басталды
АЛМАТЫ. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыда фашизмді жеңуге қатысқандарды еске алу үшін «Мейрімділіктің көктемгі аптасы» акциясы басталды.