НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық Мейіржан Шермахамбет чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық балуан 67 келіде оңтүстіккореялық Хан Сю Рюдың осал тұсын тапты. Ол қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірді.
Корейлік балуан бұған дейін екі дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алған еді.
Бұл қазақстандық балуандардың құрлықтық додада алған екінші алтын медалі.
Бұдан бұрын 19 сәуірде Әлімхан Сыздықов грек-рим күресінен Азия біріншілігінде алтын медаль алды.
Енді ел құрамасынан бүгін Абылайхан Әмзеев (72 келі) және Диас Қален (82 келі) финалда белдеседі.
Сондай-ақ, бүгін жұбаныш белдесуінде ел құрамасынан Санжар Серікхан жапониялық Такахиро Сурудамен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, 19 сәуірде грек-рим күресінен қазақстандық балуандар бір алтын, үш күміс, бір қола алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.