Мэйлина Тсуй Гонконгта көпшілікке Қазақстан мәдениетін танытуда

БЕЙЖІҢ-ГОНКОНГ. ҚазАқпарат -  Жыл сайынғы Intimacy of Creativity («Шығармашылық бауырластық») жас композиторлар фестивалі аясында Гонконгта жас пианиношы, композитор әрі өз әндерін орындаушы Мэйлина Тсуйдің шығармаларының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

«Israeli Chamber Project» израильдік ұжымының вариациялы ішекті аспаптар квартетінде орындауы үшін қазақ халық музыкасы тақырыбындағы классикалық композиция әлемнің түрлі елдерінен ұсынылған жас авторлардың 130 шығармасының ішінен таңдалып алынды әрі Гонконг академиясының орындаушылық өнер сахнасында таныстырылды.

Мэйлина Қазақстанда туған, бірақ Гонконгта өсіп, білім алған. Оның шығармашылығында автордың Қазақстанның бірегей музыкалық мұрасымен қабысу мұраты аңғарылады. Мэйлина шығармасының энергетикасы арқасында тыңдарман көшпенділер тұрмысы мен мәдениетін, қазақ даласының кеңдігін әрі дәстүрлі ат жарыстарын көз алдына әкелетін музыкалық образдарға бойлайды. Автордың домбыра мен шаңқобыз дыбыстарын имитациялау үшін классикалық еуропалық ішекті аспаптарды пайдалануы өнерсүйер қауым мен шараны ұйымдастырушылардың  ерекше қызығушылығын тудырды.

Қазақстан азаматы Мэйлина Тсуй 1993 жылы Алматыда туған. Бала кезінде ата-анасында Гонконгқа көшіп, сол жақта мектеп бітіріп әрі жоғары білім алған. Ол анасы Рашида Янчинаның жолымен жүріп, өмірін музыкаға арнауға бел буады. Гонконгтағы Қытай университетінің музыкалық факультетін үздік аяқтап, Лондон Корольдік колледжі магистратурасын композиция класы бойынша бітірген.


Жас композитор жақын арада АҚШ-тың беделді университеттерінің біріне докторантураға түспек. Мэйлинаның көптеген шығармашылық жоспарлары бар. Оның ішінде біздің елмен байланысты, сондай-ақ қазақстандық әрі гонконгтық музыканттармен бірігіп жұмыс істеуді де көздеп отыр. 

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы 21 наурызда Гонконгтағы ҚР Бас консулдығының ықпалымен Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі және Гонконгтың ішкі мәселелері жөніндегі Бюро арасында мәдениет саласында екіжақты түсіністік және мәдениет саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.