Мейрамхана иесі туысының қолынан мерт болды

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Семей қаласындағы мейрамханалардың бірінің иесі 1,5 млн. теңге үшін өз абысыны мен оның сыбайласының қолынан қаза болды, деп хабарлады 24.kz.

Бұл жайында Семей қалалық ішкі істер басқармасында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Қылмыскерлер Ольга Искакова есімді кәсіпкерді өз пәтерінде өлтірген соң, мәйітті қаладан 45 шақырым жерге апарып өртеп жіберген. 10 желтоқсан күні полиция бөліміне Ольга Искакованың жоғалғаны туралы арызды абысыны өзі алып келді. 2 күннен кейін қала сыртында жатқан мәйітті жүк көлігінің жүргізушісі кездейсоқ көріп қалған. Жедел іздестіру шаралары барысында Ольга Искакованың өліміне оның абысынының қатысы бар екендігі анықталды. Күдікті сыбайласымен бірге өз туысын өлтіріп, 1,5 млн. теңгені иемденбек болған екен.

«Бұл азаматтардың үстінен ҚР ҚК 96-бабының 2-тармағы, яғни қасақана кісі өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар 10-15 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді қалалық ІІБ мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы Елубек Оспанов.