Мейіргерлерді өмірдің өзі қаталдыққа үйретеді – медбикелермен сұхбат

Фото: Фото: видеодан алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін – Халықаралық мейіргерлер күні. Соған орай «Бүгін LIVE» студиясына 30 жылдан астам уақыт бойы адам жанын арашалап жүрген ақ халаттылар қонақ болды.

Сәуле Ысқақова 1985 жылдан бері медбике болып қызмет етеді. Өмірінің 40 жылын медицина саласына арнаған абзал жан бала кезінен осы мамандықты армандағанын айтады.

– Мен бала кезімнен бір ғана мамандықты таңдап, медицина қызметкері боламын деп шештім. Бұл шешіміме әсер еткен – менің апаларым. Апаларым да кәсіби дәрігерлер. Жылдар бойы жалғасқан дәстүр бойынша, арттарынан мен де медицина саласында жұмыс істеймін. Менен кейін менің балаларым жалғастырып жатыр. Сол себепті біздің әулетіміз – дәрігерлер әулеті. Қазір төртінші буын осы салада қызмет етіп жатыр. 40 жылдан бері бір салада, анестезиология-реаниматология бөлімінде мейіргер, медбике болып істеп келе жатырмын, – дейді 2-көпбейінді қалалық аурухана медбикесі.

Альмира Еңсебаева да дәл осы ауруханада қызмет етеді. Еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысында бастаған. 30 жыл бойы медбике болып жұмыс істеген студия қонағы пандемия кезіндегі қиын күндерін еске алды.

– Пандемия жаңадан басталып жатқанда фильтр кабинетінде жұмыс істедік. Біз ол кезде уақытқа мүлде қарамадық. Арбамен келе жатқан науқастарға алғашқы көмек көрсетіп, бүгін біреуінің болса да жағдайы оңалса екен, осы жерден аман кетсе екен деп, жанұшыра көмектесетін едік. Елімізде көп тұрғын осы пандемияның кесірінен о дүниеге аттанды. Сол уақыттары күн-түн демей жұмыс істедік, отбасымызды тіпті де ұмыттық. Ол кездер өте қиын болды. Соған қарамастан науқастарға көз жасымызды көрсеткен жоқпыз. Тек алға ұмтыла бердік. Бір науқастың беті бері қараса, медбикелер мен дәрігерлер жүгіріп барып, «аты-жөнін айтып, ана науқас көзін ашты» деп қуанып, сүйінші сұрайтынбыз. Көзбен көрген басқа, сөзбен айтқанда басқаша, – дейді ол.

Кейіпкерлеріміз бұл жұмыстың оңай еместігін айтады. Тіпті медбикелік қызмет нәзік жандарды қаталдыққа тәрбиелегенін де жасырмады.

– Біздің мамандығымыз оңай деп айта алмаймыз. Тек өзіміздің жеке тағдырымыз ғана емес, алдымызға келген науқастардың да тағдырына жауаптымыз. Бірақ жұмысымызды жақсы көрген соң, қиындығына қарамай, қаншама адамдарға көмектесіп жатырмыз. Қаншама адамдардың өмірін арашалап қалдық. Күні-түні науқастардың өмірін сақтап қалу үшін арпалысамыз. Бізде өзгелердікіндей 5 күн жұмыс, мереке күндері демалу деген жоқ. 24/7 жұмыс істейміз ғой. Мереке күндері тіпті күшейтілген қосымша бригадалар іске кіріседі. Ал науқастар жоспарсыз, шұғыл түрде түседі. Неше түрлі жол апатынан адамдар келуі мүмкін. Төбеден құлайды, балалар жарақат алып жатады. Біз қарамаймыз, алдымызға кім келсе, соған жәрдемдесеміз. Медбике үшін психологияның мығым болуы өте маңызды. Ол сабырлы, төзімді болуы керек және эмоцияға берілмеуі керек. Науқас сенің алдыңа көмек сұрап келіп тұр ғой. Сен онымен бірге жылап, онымен бірге сасқалақтап, эмоцияға беріліп тұрсаң, уақыт өтіп кетеді. Көмектесіп үлгермей қалуың мүмкін. Медбикелерді өмір қатал болуға солай тәрбиелейді, – дейді Сәуле Ысқақова.

Айта кетейік, медбикелерге кейбір рецепттерді жазуға рұқсат берілуі мүмкін.