Мейірім Нұрсұлтановтың келесі қарсыласы кім болуы мүмкін

Фото: Фото: prosports.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (19-0, 11 КО) WBC ұйымының «уақытша» чемпионы доминиканалық Карлос Адамеспен (23-1, 18 КО) жекпе-жек өткізуі мүмкін. Бұл туралы Бокс федерациясының ресми парақшасы америкалық журналист Джек Маккаферридің дерегіне сілтеме жасап хабарлады.

«WBC-дің қазіргі чемпионы америкалық Джермалл Чарло (33-0, 22 KO) екінші орта дивизионда Сауль Канело Альвареспен (60-2-2, 39 КО) жекпе-жекті ұйымдастырады деп жоспарланып отыр. Бұл үшін WBC Чарлоның чемпиондық белдігін қорғау үшін өткізетін міндетті айқасын кейінге шегермек. Ендеше оған дейін Нұрсұлтанов пен Адамес арасындағы айқасты өткізу керек», - дейді Маккафери.

Айта кетейік, BoxRec порталының тұжырымы бойынша Нұрсұлтанов (Р4Р) Қазақстанның ең мықты боксшыларының рейтінгінде көш басына шықты. Осылайша, ол бұл рейтингіде көптеген жыл көш бастап келген Головкиннің орнын басты.