Мейірімге зәру, сенгіш, үрейшіл: Қандай адамдар алаяққа жиі алданады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордада алаяқтық өршіп тұр. Биыл 3 айда тіркелген қылмыс саны 25%-ға көбейген. Өткен жылдың осы кезеңінде 182 іс тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 244-ке жетіп отыр. Kazinform тілшісі алаяқтардың арбауына түскендермен сөйлесіп, ортақ портретін жасап көрді.
Облыстық полиция департаменті қылмыс құрығына ілінетіндердің 70%-ы әйелдер екенін алға тартты. Көбінің жасы 30 бен 50-дің аралығында, арасында зейнет жасындағы адамдар да бар.
Қызылорда қаласының тұрғыны Назым Нұрланқызы 2023 жылдың 13 ақпанындағы жағдайды әлі ұмытпайды.
Ол телефонның арғы жағындағы бейтаныс дауыстың нұсқауымен бір-ақ күнде барынан айырылған.
«Ұлттық банктенмін» деп хабарласқан ер адам жәбірленушіге депозитіндегі ақшаны алаяқтар алып қоюы мүмкін екенін айтып, оны «сақтап қалу» үшін бірнеше онлайн операция орындатқан.
— Алғашында WhatsApp қосымшасы арқылы қоңырау соқты. «Орыс тілінде өтініш бергенсіз» деп сол тілде сөйледі. Тұтқаны қоюға, ешкіммен, тіпті жолдасыммен сөйлесуге мұрша берген жоқ. Гипноздап тастағандай күйде болдым. Сөйтіп, депозитте жинап жүрген 1 млн 200 мың теңге ақшаны екінші бір банктен шот аштырып, соған аудартты. Play Market-тен бір-екі бағдарлама көшіртіп, мәліметтерімді пайдаланып, басқа банк пен шағын несие ұйымынан менің атымнан несие рәсімдеген, — дейді Назым.
Шағын несие ұйымынан алғаны 80 мың теңгеге жуық, екінші деңгейлі банктен рәсімдегені — 1 млн теңге. Ол миллионды бірнеше жылдан кейін 2,5 млн теңге етіп қайтаруы керек.
Бүкіл шығын 3 млн 780 мың теңгенің үстіне шыққан. Жәбірленуші полицияға шағымданғанмен нәтиже шықпады.
Полицияның мәліметінше, алаяқтық санатындағы қылмыстардың биыл 3 айда 69 пайызы, өткен жылы осы уақыт ішінде 68 пайызы ашылған.
— Адамдарды «қайтарымсыз мемлекеттік грант әперемін», «қомақты несие алып беремін», «несие тарихын жақсартып беремін» деп алдап соғатындар азаймай тұр. Алаяқтық көбіне интернеттің көмегімен жасалады. Оның ішінде әртүрлі жалған инвестицияға ақша салып, көбейтуге болатыны жөніндегі жарнама қаптап жүр. «Қанша қаржы салсаңыз да ай сайын бастапқы соманың 30-40 пайызы көлемінде ақша түсіп тұрады» деген сөзге көбі сеніп қалады, — дейді облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасына қарасты тергеу бөлімінің бастығы, полиция майоры Айдос Ақбаев.
Интернет алаяғының торына шырмалғандардың тағы бірі — шиелілік Ескендір Рақымжанов. Мән-жайды бізге оның жұбайы Оксана Пак баяндап берді.
— Алаяқтар былтыр 10 қазанда күйеуімнің атынан 3 банк арқылы 13 млн теңгеден астам несие рәсімдеген. Өзін Activ байланыс орталығының өкілі ретінде таныстырған біреу «нөміріңіздің жарамдылық мерзімін ұзартамыз» деп код сұрап, бүкіл мәліметіне қол жеткізген. 10 сағат бойы психологиялық қысым көрсеткен. Жолдасым екі-үш күн есін жинай алмай жүрді. Менің де ұйқым бұзылды, бір аптада 8 келі салмақ тастадым. Денсаулығым нашарлап, аяқ-қолым икемге келмей қалды. Сот несие төлеу мерзімін жарты жылға дейін тоқтатты. Қазақстан бойынша алаяққа алданғандардың чаты ашылған. Ол күнде толығып отырады. Арамызда 49 млн теңгеге тақырға отырған алматылық зейнеткер бар. Миллион болса да, елу миллион болса да ол — үлкен ақша. Ешкімге оңай емес. Тіпті өмірден баз кешіп, ара-тұра өлім туралы айтып қалатындар кездеседі, — дейді ол.
Қызылорда облыстық прокуратурасы жыл басынан бері Қылмыстық процессуалды кодекстің 200-бабына сәйкес 46 жәбірленушінің ісі бойынша процестік шешім қабылданғанша несие төлемін тоқтату жөнінде ұсыныс енгізген.
Бұл дегеніңіз — 46 млн теңгеден астам ақша.
— Алаяқтық істері бойынша 115 дроппер анықталып, оның 17-не қатысты шағым түсті. Антифрод орталығы 115 есепшотты бұғаттады. 5 есепшоттан жәбірленушілерге тиесілі 3 млн 800 мың теңгеге жуық қаржы ұсталды. Сонымен қатар микроқаржы ұйымына қатысты 3 қылмыстық іс тіркелді, — дейді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.
Қулығына құрық бойламайтындардың басым көпшілігі әйелдер екені сот мәліметінен айқын көрінеді.
Былтыр Қызылорда қаласының № 2 сотында Қылмыстық кодекстің 190-бабымен (алаяқтық) 113 адамға қатысты 104 іс сот өндірісінде аяқталған. Сотталғаны — 95 адам, оның 66-сы — әйелдер.
Бас бостандығынан айыру жазасы 50 адамға тағайындалған, сот үкімімен қылмыстық жауапкершіліктен босатылғаны —14 адам.
— Биылғы бірінші тоқсанда Қылмыстық кодекстің 190-бабымен 38 адамға қатысты 36 іс сотта қаралып, 34 іс бойынша 36 адамға үкім шықты. Оның басым бөлігі, яғни 25-і — қыз-келіншектер. 12 адам бас бостандығынан айырылған, — дейді № 2 сот әкімшілігінің басшысы Мәдина Жүсіпбекова.
Жуырда сотталушылардың бірі 4 жыл 8 ай арқалады. Оқиға былай өрбіген.
Ол WhatsApp қосымшасы арқылы мұғалімге арзан бағаға кеңсе тауарын жеткізіп бере алатынын айтып, сөзіне сендіріп, қызығушылығын туғызған.
Мұғалім тиімді ұсыныстан бас тартпайды. Сотталушы жолдасының банк есепшотына 3 млн 800 мың теңгеге жуық ақша аудартқан. Оны жеке бас пайдасына жұмсаған.
Жәбірленуші сотта оған кешірім бермейтінін жеткізді.
Интернет жеңіл пайда табудың көзіне айналғалы алаяқтар қаптады. Олар қолданатын айла-тәсілдер сәт сайын құбылып тұратыны сондай, әккіліктің шегі жоқтай көрінеді.
Психолог Назира Аймаханованың айтуынша, алдап-сулағанға сеніп қалатын адамдардың 7 түрі бар.
- Эмоционалды күйзеліске ұшырағандар, мысалы жалғызбасты адамдар махаббатқа, қолдауға зәру болғандықтан романтикалық алаяқтыққа жиі түседі. Эмоция үстінде шешім қабылдайды, салқынқандылық жетіспейді.
- Қаржылай қиындыққа тап болғандар тез баю, ақша ұтып алу, жеңіл несие алу сияқты ұсыныстарға сеніп қалып жатады. Олар үміттенеді, нақты бір талдау жасағаннан гөрі мүмкіндікті қалт жібермеуге тысырады.
- Егде жастағыларға қоңырау шалып немесе мессенджер арқылы манипуляция жасау оңай. Олар цифрлық технологияны толық меңгермегендіктен «балаңыз полицияда», «несиеге кепіл болдыңыз» деген жалған ақпаратқа сеніп қалады.
- Сенгіш және жалпақшешей адамдар «жоқ» деп айтуға қиналады. Олардың ұраны — «бәріне бірдей көмектесу керек». Жұртты өзіндей көріп, айналасындағы адамдарға сеніммен қарайды.
- Ақпараттық қауіпсіздік туралы білімі жоқ адамдар күмәнді сілтемелерді оңай аша салады, жеке деректерін тексерместен береді. Әлеуметтік желідегі «псевдоакцияларға» қатысып, банк картасының мәліметтерін жібереді.
- Жасөсірімдер мен жастар онлайн ойындардағы «бонус беремін», «фишка сатам» деген ұсыныстарға алдануы мүмкін. Әлеуметтік желіде танымал болғысы келетіндер фейк аккаунттардың құрбаны болады.
- Соңғысы — дұрыс шешім қабалдай алмайтын, үрейшіл адамдар. Алаяқтар оларды «банк картаңыз бұғатталды», «қылмыстық іс қозғалды» деп оп-оңай алдайды. Стресске бейім адамдар тез шешім қабылдап, ақша аударып жіберіп жатады.
Психолог алаяқтардың да ортақ портретін құрастырып берді.
Олар — эмоциялық манипуляция шебері, хайп пен сенсацияға құмар, рольге кіру қабілеті жоғары, технологияны жақсы меңгерген адамдар.
Тәртіп сақшылары алаяқтың құрбаны болған жағдайда банктің қызмет көрсету орталығына хабарласып, есепшотты дереу бұғаттауға, полицияға шағымдануға кеңес берді.
Бейтаныс нөмірді көтермеген, WhatsApp қосымшасы арқылы келген сілтемелерге кірмеген дұрыс. Осылайша бүкіл мәлімет жария болып, сан соғып қалуыңыз мүмкін.
Егер онлайн несие алмайтын болса, eGov порталы арқылы барлық банктен несие алмайтындай етіп уақытша шектеу қоюға болады.
Аузы күйген кейіпкерлеріміз Мәжіліс депутаттарынан заң талабын күшейтуді, онлайн несие рәсімдеуге тыйым салуды сұрап отыр.
— Қолданыстағы заң біз бен сіз сияқты қарапайым халыққа арналмаған. Депутаттар да, соттар да банктің сойылын соғады. Полиция әрекет етпейді, билік бізді естімейді. Банктерде антифрод жүйесі жұмыс істемейді, Бір мезетте бірнеше банктен несие рәсімдеу деген не сұмдық енді?! — дейді Оксана Пак.
Ал Назым Нұржанқызы онлайн несие — алаяқтарға оңай жем болудың төте жолы деп есептейді.
— Бұл оқиға бала күтімімен үйде отырған уақытта болды. Декреттік демалыстағы адамның атына қалай несие рәсімдейді? Бір тиын таппасам, оны қалай төлейді деп ойлайды екен? Заңның солқылдақ тұстарын қайта қарау керек, — дейді жәбірленуші.
Жуырда Қызылордада 20-ға жуық адамды көлігін сатып беріп, ақшасын бас пайдасына жаратқан екі адам сотталған еді.