Мейвейзер GGG-дің біраз табысын «жеп қоюы» әбден мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Флойд кіші Мейвейзер келесі жекпе-жегін Лас-Вегаста өткізуді жоспарлап отыр. Тура сол жерде 16 қыркүйек күні Головкин - Альварес жекпе-жегі ұйымдастырылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліметке сәйкес, "Mayweather Promotions" компаниясы Лас-Вегас қаласындағы "MGM Grand" аренасына тапсырыс беріп отыр. Дәл сол жерде Флойд кіші Мейвейзер мен Конор Макгрегордың арасында жекпе-жек өтуі әбден мүмкін. Ал Головкин-Альварес жекпе-жегі "T-Mobile Arena" спорт кешенінде өтеді деген жоспар бар. Алайда Мейвейзер өз жекпе-жегін 26 тамызда ұйымдастырудың арқасында PPV-дің (ақылы трансляциялардың - авт.) біраз бөлігін "жеп қояйын" деп тұр. Осы жайында америкалық журналистер айтты.

"Флойд Мейвейзердің Лас-Вегастағы "MGM Grand" аренасына тапсырыс беруі Головкин мен Альварес үшін жағымды жаңалық емес. Халықтың назары сол жекпе-жекке ауып кетуі әбден мүмкін. Өйткені Мейвейзер мен Макгрегордың жекпе-жегі үш апта бұрын өтеді. PPV-дің бағасы 75-100 доллардың айналасында болады деген ақпарат бар. Егер фанаттар өз ақшасын алдымен Мейвейзер мен Макгрегор арасындағы жекпе-жекті көру үшін жұмсайтын болса, онда артынан Головкин мен "Канелоға" тағы 60 долларға шығындалуға тура келеді. Оған бәрі бірдей келіспейтін шығар. Себебі бір айда ақылы телекөрсетілімге 170 доллар жұмсау қажет. Оны барлық жанкүйерлер көтере алмайды", - дейді Boxingnewsresults.com журналисі Рич Чейни.

Оның ойынша, Головкин-Альварес жекпе-жегін ұйымдастыру шараларымен айналысатын "Golden Boy Promotions" компаниясы үшін уақытты ауыстырған тиімсіз. Себебі Оскар Де Ла Хойя "T-Mobile Arena"-сына тапсырыс беріп қойды. Жекпе-жекті жарнамалау жұмыстары да басталып кеткен.