Мэйвезердің Қазақстанға келу мәселесі ашық күйінде қалып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Ерлан Бекхожин Sports.kz сайтына танымал америкалық боксшы Флойд Мэйвезердің Қазақстанға келу мүмкіндігі жайлы пікір бідірді.

«WBC басшылығы бізге осы жазда Астанаға келе алатын боксшылардың үлкен тізімін берді. Оның ішінде аңызға айналған Мэнни Пакьяо, кіші Флойд Мэйвезер, Роберто Дюран, Шугар Рэй Леонард, Майк Тайсон, Леннокс Льюис, Эвандер Холифилд және өзге де танымал боксшылардың есімі бар. Бірақ, WBC өкілдері әр чемпионмен жеке сөйлесетіндерін, олардың жағдайы мен сапар кестесін ескеретіндерін атап өтті», - деді Бекхожин.

Оның айтуынша, Мэнни Пакьяо немесе Флойд Мэйвезердің аттары аталса, демек олар келе алады.

«Бұл енді олармен егжей-тегжейлі сөйлесетін WBC басшылығының жұмысы және Бүкіләлемдік бокс кеңесінің Конвенциясы жұмысының басында Қазақстанға қандай бокс жұлдыздарының келетіні бізге нақты түсінікті болады», - деп атап өтті Бекхожин.