МИБ төрағасына қойылатын басты талаптар қандай

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаменті Мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) тіркеу туралы бірнеше өтінішті кері қайтарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорданың тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Асылбек Есімбаев аталмыш жайттардың себебін былай деп түсіндірді.

«МИБ-ті тіркеу өтініштерін Әділет органдары кері қайтарып жатқан фактілер де бар. Оның бірнеше себебі бар. Заңды тұлғаның атауы қайталанып жатады. Яғни, өтініш берген кезде Әділет департаментінің тізбесінде осындай атаумен басқа қалада МИБ тіркелгені туралы хабар ақпарат шығуы мүмкін. Осы себептен кері қайтарылып жатады», - деді Асылбек Есімбаев.

Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы, бұдан бөлек, МИБ төрағасы атқару өндірісі бойынша борышкер болса, тіркеуден бас тартылуы мүмкін екнін айтты. Яғни, қарызы болған жағдайда тіркеуден бас тартқан сәттер болады.

«Үшінші жағдай, егер МИБ-тің тұрғындар сайлаған төрағасы жұмыс істемей тұрған заңды тұлғаның басшысы немесе құрылтайшысы болса, тіркеуден бас тартылады. Түптеп келгенде, МИБ төрағалығына ұсынылатын адам жан-жақты «таза» болуы керек. Төртіншіден, пәтер иелерінің жиынында жасалған хаттамалар мен дауыс перу парағы министрлік бекіткен хаттамаларға сәйкес болмаса, тіркеуден бас тартылады. Мұндай жағдайлар қазір бізде көп болып жатыр. Қазірдің өзінде қол жинау хаттамаларының шынайылығы бойынша түсінбеушіліктер туындап жатыр. Әділет департаментін сотқа беріп жатқандар да бар. Кейбір түсінбеушіліктер сотқа дейінгі шараларда шешіліп жатыр», - деді Асылбек Есімбаев.