Microsoft ЖИ-і күрделі ауруларды анықтауда 83% дәлдік көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM – Microsoft компаниясы күрделі ауруларды диагностикалауға арналған жасанды интеллект жүйесін таныстырды. Сынақ барысында жүйе медициналық күрделі жағдайларды 83% дәлдікпен анықтаған деп хабарлайды Anadolu агенттігі .

Фото: 24.kg

Science ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, Microsoft AI Diagnostic Orchestrator (MAI-DxO) жүйесі күрделі клиникалық жағдайларды талдауда жоғары нәтиже көрсеткен. Салыстыру үшін медициналық анықтамалықтар мен интернет ресурстарын пайдаланған дәрігерлер диагнозды 36% жағдайда дұрыс анықтаған. Ал қосымша дереккөздерсіз олардың дәлдігі 22% болған.

Зерттеушілер технологияны The New England Journal of Medicine медициналық журналында жарияланған 304 күрделі клиникалық жағдай бойынша сынақтан өткізген.

Жүйе бірнеше жасанды интеллект агентінен тұрады. Олар симптомдарды бірлесіп талдап, ықтимал диагноздарды ұсынады, қажетті тексерулерді таңдайды және қорытынды жасайды.

Жедел медициналық көмек бөлімдерінде кездесетін жиі жағдайларды тексергенде де ЖИ 80% дәлдікке қол жеткізген. Бұл көрсеткіш дәрігерлерде 47% болған.

Microsoft компаниясының мәліметінше, жаңа технология диагноз қою шығындарын азайтуға да мүмкіндік береді. Ол дәлдікті сақтай отырып, тексерулер санын қысқартып немесе арзанырақ процедураларды таңдай алады. Жүйенің бір нұсқасы 81% дәлдік көрсетіп, сынақтан өткен басқа жүйелермен салыстырғанда есептік шығындарды екі еседен астам азайтқан.

Компания бұл нәтижелерді күрделі диагностикалық міндеттерді орындай алатын әрі медициналық көмекті ұйымдастыруға жәрдемдесетін «медициналық суперинтеллект» жасау жолындағы маңызды қадам деп бағалайды.

Сонымен бірге зерттеу нақты медициналық тәжірибеде емес, модельденген клиникалық жағдайларда жүргізілген. Салыстырмалы сынаққа белгілі бір салаға маманданған дәрігерлер тобы қатыспаған.

Технологияны одан әрі бағалау үшін Microsoft Бостондағы Beth Israel Deaconess медициналық орталығымен бірлескен зерттеу өткізуді жоспарлап отыр. Онда жүйенің диагностикалық мүмкіндіктері аурухана жағдайында дәрігерлердің тәуелсіз қорытындыларымен салыстырылады.

Еске салайық, бұған дейін Microsoft жасанды интеллект тапсырмаларын тиімді орындауға арналған Maia 200 жаңа чипін таныстырған еді. Компанияның мәліметінше, процессор деректерді өңдеу орталықтарындағы өнімділік пен шығын арақатынасын шамамен 30%-ға жақсартады.