«Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күнінде көші-қон полициясының қызметкерлері 207 шетелдік азаматты ұстады

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Кеше елордада басталған «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күнінде көші-қон полициясының қызметкерлері 207 шетелдік азаматты ұстады.

Олардың басым көпшілігі Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтары. Бұл туралы Астана қалалық ішкі істер департаметінің тіл саясаты және ақпарат бөлімінен хабарлады.

Сонымен қатар рейд барысында 129 азаматтың Қазақстан Республикасы аумағында болу мерзімі қысқартылып, 11-і елден шығарылды. Ал 45 азамат қабылдау-тарату орнына қамалса, тағы 87-сі шетелдік азаматтардың келу ережесін, шетелдік жұмыс күштерін тарту және пайдалану ережесін бұзғандығы, сондай-ақ құжатсыз және тіркеусіз тұрып жатқандығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарына мемлекеттік шекараны кесіп өткен күннен бастап 5 күннің ішінде ішкі істер органдарында тіркелуі қажет. Бұған дейін аталған елдердің азаматтарына ҚР Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Сыртқы істер министрліктерінің шекаралық бақылау бекеттері арқылы өткен шетелдік азаматтарды тіркеу ережесін бекіту туралы бірлескен бұйрығына сәйкес тіркеу процедуралары жеңілдетілген болатын. Мәселен Қазақстан аумағында Қырғызстан азаматы ішкі істер органдарында тіркелмей-ақ 90 күн, ал Тәжікстан азаматтары 30 күн жүре алатын.