«Михаил Горбачев өзінің өлімі жайындағы ақпаратты жоққа шығарды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 23 мамыр.  ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 23 мамыр, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Астанадағы Риксос қонақ үйінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 25-ші пленарлық отырысы болып өтті. Ол «Қазақстан  халықаралық сауда, логистика, іскерлік және қаржылық хабы» деген тақырыпқа арналды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сәрсенбілік санында «Қазақстанның құрлықаралық қатынастардағы қуаты» деген тақырыппен берілген. Сонымен бірге, пленарлық отырысты ашардағы кіріспе сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес құрамында болған өзгерістерді хабарлады. Атап айтқанда, Кеңес мүшелігіне «Ресей Жинақ банкі» басқармасының төрағасы Герман Греф, Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов, Үкімет басшысының орынбасарлары Қайрат Келімбетов пен Ербол Орынбаев және Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев қабылданған. Сондай-ақ Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері құрамында басқа да бірқатар ауыс-түйістер орын алған.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Түрік Республикасының Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған BNews.kz агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының негізгі басымдықтарын көрсетіп, түркі әлемінің болашағы мен бүгіні жайында, сондай-ақ Астанаға жасайтын сапарынан қандай нәтиже күтетінін әңгімелеп берді. Оқырмандар назарына аталған сұхбат «Режеп Ердоған: Орталық Азия  Түркия сыртқы саясатының стратегиялық өзегі» атты  тақырыппен ресми емес аудармамен ұсынылып отыр.

 ***

Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен ауыстырылуына және Қазақстанға жоғары жақтан белгілі бір көмек арнасының бұрылуына, қалың бұқараның жаппай қарсылығын білдірген басқа да арыз-шағымдардан бөлек, қазақ халқының біртуар перзенті Тұрар Рысқұлов пен Совнарком төрағасы Ораз Исаевтің Сталинге жолдаған хаттарының да үлкен ықпал болғаны тарихи шындық. Осы және ашаршылық ақтаңдақтарына қатысты басқа да көлеңкелі жайттар жөнінде  профессор Тілеу Көлбаевтың «Алаш айнасы» басылымындағы «Геноцидке кім кінәлі?» атты мақаласында жан-жақты берілген.

Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы  еліміздегі ең беделді медициналық мекемелердің бірі. Мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде орталық директоры Манас Сейсембаевтың сұхбаты «Алаш айнасы» газетінде «Дат» айдарымен жарияланып отыр. «Медициналық жоғары оқу орындары сапалы маман даярлай алмай отыр» деген тақырыппен берілген бұл сұхбатта Манас Ахметжарұлы ел медицинасында қордаланған мәселелер төңірегінде ой толғайды.

 ***

Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауылында балалар мен мұғалімдердің көз алдында жергілікті мектеп құлай бастады. Оқушылар мен оқытушылар оқу жылын аяқтау үшін жедел түрде басқа ғимаратқа көшірілді, деп хабарлайды «Время» газеті «Школьный завал» тақырыбындағы мартериалда. Басылымның мәліметінше, мектеп әкімшілігі 2 апта бұрын бірінші болып дабыл қаққан көрінеді. Аталған нысандағы жарықтардың ұлғаюына байланысты, мектеп қабырғасында білім алу қауіпсіз болмады. Мектеп 1965 жылы салынған екен. Қабырғадағы жарықтар 5-7 сантиметрге дейін жеткен. Оқу орны ғимараты 2009 жылы апатты болып танылған, алайда ондағы сабақтар осы күнге дейін жалғасқан.

                                                                                          ***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Михаил Горбачев опроверг слухи о своей смерти» тақырыпта ақпарат жазылған. КСРО  Экс-президенті М. Горбачев өзіңнің өлімі жайындағы ақпаратты сейсенбі күні жоққа шығарды. «Барлығы жақсы, қант деңгейі төмендеп келеді. Менің өлімім жайлы ақпарат таратып жоғары гонорар алуға ниеттілер сәл қателікке бой алдырды»,-дейді Горбачев «Новая газета» бас редакторымен телефонмен сөйлескен кезде.