АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 166-ракеткасы Михаил Кукушкин Финикс (АҚШ) челленджер турниріне жолдама алды.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингіде 458-орында тұрған словениялық Бор Артнакпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда словениялық спортшы 6:4 есебімен басым түсті. Дегенмен осыдан кейін Кукушкин ойын тізгінін өз қолына ала білді – 6:4, 6:2.
Екі сағат 34 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Кукушкин 3 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың тең жартысын өз пайдасына жазды. Артнак 1 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Михаил Кукушкиннің негізгі додадағы қарсыласы кейін анықталады.
Қазақстанның екінші, әлемнің 98-ракеткасы Александр Шевченко осы жарыстың алғашқы айналымында күтпеген жерден рейтингіде 264-сатыдағы америкалық Колтон Смиттен ұтылып қалды – 1:6, 5:7.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Грекиядағы челленджер турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).