Михаил Кукушкин АҚШ-тағы жарыста камбэк жасап, жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 166-ракеткасы Михаил Кукушкин Финикс (АҚШ) челленджер турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуінде әлемнің 140-ракеткасы, америкалық Митчелл Крюгерден айласын асырды.
Бірінші партияда америкалық спортшы 7:5 есебімен басым түскенімен, М.Кукушкин камбэк жасай білді – 7:6 (7:2), 6:0.
Екі сағат 18 минутқа созылған бәсеке барысында Кукушкин 4 эйспен 12 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Крюгер 8 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Михаил Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында рейтингіде 458-сатыдағы словениялық Бор Артнакты жеңсе, негізгі додаға жолдама алады.
Аталмыш жарыста Қазақстанның бірінші және екінші ракеткалары Александр Бублик пен Александр Шевченко өнер көрсетеді. Рейтингіде 82-орындағы А.Бублик алғашқы айналымда әлемнің 64-ракеткасы, аустралиялық Александр Вукичпен кездеседі.
Әлемнің 98-ракеткасы А.Шевченконың қарсыласы – рейтингіде 261-сатыдағы америкалық Колтон Смит.
Қазақстандық теннисшілер, әлемнің 213-ракеткасы Бейбіт Жұқаев пен рейтингіде 256-орындағы Денис Евсеев Шербур (Франция) челленджер турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады. Б.Жұқаев 568-сатыдағы франциялық Ма Малижге есе жіберді – 3:6, 6:2, 4:6. Ал Денис Евсеев әлемнің 197-ракеткасы, жапониялық Юта Симидзуға жол берді – 2:6, 6:3, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жеңіс саны жөнінен әлемде үздік үштікте келе жатқанын жазған болатынбыз.