Михаил Кукушкин АҚШ-тағы турнирді сәтті бастады
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 1104-орында тұрған америкалық Кристиан Харрисонмен өткізді.
М.Кукушкин бірінші партияда айқын басымдылық танытты – 6:2. Әйтсе де екіншісінде тай-брейкте есе жіберді – 6:7 (7:9). Дегенмен үшінші, шешуші сетте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5).
Үш сағат 13 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында М.Кукушкин 5 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 8 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Михаил Кукушкин жүлде қоры 80 мың АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 218-ракеткасы, франциялық Джованни Мпеши-Перрикармен таласады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 243-сатыдағы Бейбіт Жұқаевқа қиындау қарсылас тап болды. Ол алғашқы айналымда әлемнің 110-ыншы, жарыстың 1-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортқа жол берді – 6:7 (2:7), 5:7.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің 24 эйс жасап, Уимблдонды жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Уимблдонда Елена Рыбакина екінші айналымға шықты. Әлемге әйгілі теннисші Роджер Федерер Елена Рыбакинаның бұл жеңісіне қол соқты.
Баспасөз мәслихатында Е.Рыбакина бірінші сетте америкалық Шелби Роджерске неліктен есе жібергенін айтты.