Михаил Кукушкин әлемдік рейтингіде бірден 16 сатыға жоғарылады
АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) әлем үздіктерінің рейтингісін жариялады.
Дүниежүзілік рейтингіні бұрынғыша сербиялық Новак Джокович бастаса, одан кейін испаниялық Карлос Алькарас пен ресейлік Даниил Медведев тұр.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 23-орнында қалса, Александр Шевченко 56-дан 57-ге, Денис Евсеев 177-ден 178-ге сырғыды. Бейбіт Жұқаев 191-ден 189-ға ауысты.
Өткен аптада Ноттингем челленджер турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Михаил Кукушкин бірден 16 саты жоғарылап, 247-ден 231-ге көтерілді.
Жұптық сында алғашқы үштікте өзгеріс жоқ: үндістандық Рохан Бопанна, аустралиялық Мэттью Эбден және америкалық Остин Крайчек өзгелерге дес берер емес.
Қазақстандықтардан Александр Недовесов 48-ден 49-ға, Андрей Голубев 63-тен 69-ға төмендеді.
Осы аптада Қазақстанның көшбасшы теннисшілері Александр Бублик пен Александр Шевченко Роттердам (Нидерланд) ATP 500 жарысында бақ сынайды.
А.Бублик алғашқы айналымда рейтингіде 31-орындағы хорватиялық Борна Чоричпен тағы да жүздеседі.
Бұдан бұрын қазақстандық теннисші Б.Чоричті Монпелье додасының финалында ұтқан еді.
А.Шевченконың қарсыласы да осал емес, әлемнің 47-ракеткасы, қытайлық Чжан Чжичжэнь.
Егер А.Бублик пен А.Шевченко Роттердамда табысты өнер көрсетсе, рейтингіде көрсеткіштерін жақсартады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде төртінші орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.