Жарыстың екінші айналымында 38 жастағы спортшы турнирдің жетінші нөмірлі ойыншысы, грекиялық Стефанос Циципаспен кездесті.
Almaty Arena кешенінің Орталық кортында өткен матч бір сағаттан сәл астам уақытқа созылып, Циципастың пайдасына 6:1, 6:2 есебімен аяқталды. Жеңіліске қарамастан, бұл кездесу Қазақстан теннисі үшін ерекше оқиғаға айналды. Кукушкин 20 жылдан астам уақытқа созылған кәсіби мансабын өз елінде, жанкүйерлері, отбасы және әріптестерінің алдында аяқтады.
Грекиялық теннисші матч барысында сенімді ойын көрсетіп, сегіз эйс орындады және төрт брейк-пойнтты сәтті пайдаланды. Циципас артқы сызықтағы доп алмасуларда басымдық танытып, екі сетте жеңіске жетті.
Дегенмен бұл кездесудің басты ерекшелігі есепте емес, қазақстандық теннистің тәжірибелі өкілдерінің бірінің кәсіби спортпен қоштасуында болды. Кукушкин жеңіп алған әрбір ұпайды жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды.
Кездесуден кейін Стефанос Циципас қарсыласы кәсіби мансабындағы соңғы матчын өткізіп жатқан жағдайда алғаш рет ойнағанын айтты.
- Ең алдымен, Мишаны осындай керемет мансабымен шын жүректен құттықтағым келеді. Оның соңғы кездесуіндегі қарсыласы болу мен үшін өте ерекше әрі ыңғайсыз жағдай болды. Тордың арғы жағында тұрған адамның кәсіби мансабы бірнеше минуттан кейін аяқталатынын түсіну біртүрлі, тіпті қобалжытатын сезім тудырды. Бұған дейін мұндай жағдайға тап болған емеспін. Мұндай сәтте қарсылас болу оңай емес, — деді Циципас.
Кәсіби теннистегі 20 жылдан астам уақыт
Михаил Кукушкин Қазақстан теннисінің тарихында өзіндік із қалдырды. Кәсіби мансабында ол халықаралық деңгейде елеулі жетістіктерге жетіп, ұзақ жылдар бойы ұлттық құраманың негізгі ойыншыларының бірі болды.
2019 жылдың ақпан айында Кукушкин ATP әлемдік рейтингінде 39-орынға көтерілді. Бұл оның кәсіби мансабындағы ең жоғары көрсеткіші.
2010 жылы Санкт-Петербургте өткен турнирде ол ATP деңгейіндегі жекелей сындағы алғашқы әрі жалғыз чемпиондық атағын жеңіп алды. Сонымен қатар кәсіби турдағы бірнеше жарыстың финалына шықты.
Кукушкин 2012 жылы Аустралия ашық чемпионатының және 2019 жылы Уимблдон турнирінің төртінші айналымына жеткен алғашқы қазақстандық теннисші атанды.
Оның спорттық жолында Қазақстан құрамасы сапындағы өнері де ерекше орын алады. Михаил 15 жылдан астам уақыт бойы Дэвис кубогында ұлттық команданың жетекші ойыншыларының бірі болып, халықаралық жарыстардағы жетістіктеріне елеулі үлес қосты.
Кукушкиннің кәсіби мансабын Алматыдағы Almaty Open турнирінде аяқтауы символдық мәнге ие болды. Қазақстандық теннисші ұзақ жылдар бойы өзіне қолдау көрсеткен жанкүйерлерімен туған елінде қоштасу мүмкіндігіне ие болды.
Ал Стефанос Циципас осы жеңісінің арқасында Almaty Open ATP 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Михаил Кукушкин үшін бұл кездесу Қазақстан теннисінің дамуына елеулі үлес қосқан, жас спортшылардың жаңа буынына үлгі болған ұзақ әрі табысты кәсіби мансабының қорытындысы болды.
Айта кетелік Михаил Кукушкин спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеген еді.