Михаил Кукушкин Бахрейндегі жарыстың жартылай финалына жолдама алды

Фото: Фото: ktf.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық, әлемнің 231-ракеткасы Михаил Кукушкин Манама (Бахрейн) челленджер жарысының жартылай финалына шықты.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 187-ракеткасы, иорданиялық Абедалла Шелбайхпен шеберлік байқасты.

Екі сетте де 6:4, 6:4 есебі тіркеліп, Кукушкин жеңіске жетті.

Бір сағат 36 минутқа созылған бәсеке барысында ол 1 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Иорданиялық спортшы 8 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнттан ештеңе шығара алған жоқ.

Михаил Кукушкин финалға шығу үшін әлемнің 129-ракеткасы, чехиялық Якуб Меншикпен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Таиландтағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.